Қазақстанда жылдық инфляция 17,7%-ға жетті – Ғалымжан Пірматов
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 17,7 пайызға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляция деңгейіне сырттан келген күтпеген жағдайлар әсерін тигізген.
“Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 17,7 пайызға жетті. Айта кету керек, соңғы болып жатқан жағдайлардың ішінде, оның бірі – пәтерлерді жалға беру бағасының өсуі. Қыркүйек айының өзінде 13,1 пайызға өсті. Егер өткен жылғы қыркүйекпен салыстырсақ, 40,7 пайызға өсті де, осы жалғыз көрсеткіштің өзі 17,7 пайыздың ішінде 1,1 пайыз үлес қосып отыр”, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы бағалардың өсу қарқыны бәсеңдейтінін атап өтті.
“Себебі сыртқы факторлардың көпшілігінің әсері төмендеу траекториясына түсті. Қанша дегенмен, сыртқы факторлар жайлап орнына келіп жатыр. Атап өтсем, азық-түлік тауарлары, шикізат бағасы, соның өсу қарқыны сәл де болса қалыптасып, орнына түсіп келе жатыр. Ал біз, Ұлттық Банк экономикадағы сұранысты қадағалау арқылы инфляцияны, бағаның өсуін қалпына келтіру үшін қандай да бір керек болған шешімдерді қабылдауға әрқашан дайын”, – деп қосты Ғалымжан Пірматов.