Қазақстанда жыл басынан бері 17 адам терроризм мен экстремизм үшін сотталды – ҰҚҚ

Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қарсы күрес күшейді. Жыл басынан бері 17 адам сотталса, шетелде жүрген күдіктілер арнайы операциялар арқылы елге жеткізіліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, олардың арасында соғыс аймақтарына кеткендер мен интернетте радикалды идеологияны насихаттағандар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жыл басынан бері ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істер аясында террористік және экстремистік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 17 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Олардың бірі Алматы қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғыс қимылдарына қатысу мақсатында шетелге кеткен. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен операция барысында ұсталып, Қазақстанға арнайы күзетпен жеткізілді. Сот оны террористік әрекетке қатысқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Тағы бір іс бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны 2013 жылы шетелге кетіп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизм идеологиясын насихаттаған. ҰҚК-нің шетелдік арнайы қызметтермен бірлескен операциясы нәтижесінде ол ұсталып, елге жеткізілді. Сот шешімімен терроризмді насихаттағаны және діни алауыздықты қоздырғаны үшін 9 жыл 6 айға сотталды.
Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысы мен Ұлытау облысы аумақтарында террористік қылмыстарға қатысы бар 6 діни радикал ұсталды. Бұдан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан тағы 4 адамға қатысты жаңа айыптар тағылды. Олар сотталғандар арасында терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінді. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер интернет арқылы және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, өз көзқарастарын қолдамайтындарға қарсы күш қолдануға шақырған.
"Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 256-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.
- TikTok желісінде терроризмді насихаттаған қазақстандық 7 жылға сотталды
-
Пәкістандағы мешітте жұма намазы кезінде жарылыс болып, 30-дан аса адам қаза тапты
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы бірнеше мектепке қарулы шабуыл жасалады деген үрейлі хабарлама тараған еді. Онда нақты мектептердің нөмірлері де аталып, 20 қаңтар күні жаппай атыс болуы мүмкін екені жазылған. Алайда Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, жағдай толық бақылауда екенін хабарлады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған