Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаржыға 28 жаңа мектеп салынады
Оқу-ағарту министрлігі Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов мемлекет балалар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
"Бүгінде 74,4 мың орындық 61 мектеп пайдалануға берілді, соның 29-ы елді мекендерде орналасқан", – деді Жайық Махсутов.
2024 жылы 25 мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Айта кетейік, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 100 мыңға жуық оқушы орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау өңірінде елге қайтарылған қаржы есебінен 1,4 миллиард теңгеге жаңа мектеп салынатынын жаздық. Білім ошағы "Вокзальный" шағын ауданында бой көтереді. Қазір бұл аудандағы балалардың көбі қаланың басқа жерлерінде қатынап оқуға мәжбүр. Олар екі ауысымда автобустармен жеткізіледі.