Қазақстанда жасанды интеллект әсерінен 1 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы ықтимал
Фото: pixabay.com
Қазақстанда жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері зерттелді. Сарапшылар 1 миллионнан астам жұмыс орнын жасанды интеллект алмастыруы мүмкін екенін болжады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы мәжіліс отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты. Оның сөзінше, әлемде автоматтандыру мен жасанды интеллектті енгізу еңбек нарығына үлкен ықпал етіп жатыр.
Министрлік 423 мамандық тобын зерттеп, солардың 25%-ы, яғни шамамен 2,2 миллион жұмыс орны, автоматтандыруға бейім екенін анықтаған. Бұл деген аталған жұмыс орындарын болашақта жасанды интеллект алмастыруы мүмкін.
"Оның ішінде 1 миллионнан астам жұмыс орнын генеративті жасанды интеллект алмастыра алады. Ең үлкен қауіп – Алматы, Астана және Шымкент қалаларында. Бұл қалаларда әр үшінші жұмыс орны автоматтануы мүмкін", – деді Олжас Анафин.
Алайда вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект жұмысшыларды жаппай ығыстырады деуге әлі ерте. Себебі Қазақстанда еңбек күші арзан. Сондықтан автоматтандыру біртіндеп, яғни компаниялар үшін нақты экономикалық тиімділік пайда болғанда ғана жүре бастайды.
Сондай-ақ, Олжас Анафин ЖИ-мен байланысты бірқатар: құқықтық реттеу әлсіз, модельдердің қауіпсіздігі мен ашықтығына қатысты стандарттар жоқ, жасанды интеллект жүйелері әлі сертификатталмаған деген өзекті мәселелерді атап өтті.

Енді "Отбасы Банк" монополиясы болмайды: Ипотекалық несиелендіру реформасынан қандай жақсы өзгерістер күтеміз
