Қазақстанда жалақыдан алынатын бірыңғай төлем енгізілді: Оны кім, қандай мөлшерлеме бойынша қолдана алады?
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шағын және микробизнес үшін жалақыдан алынатын бірыңғай төлем енгізілді. БЖЗҚ кімнің енді еңбекақыны төлеу қорымен бірыңғай төлем жасай алатынын және қандай мөлшерлеме бойынша төлей алатынын еске салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кім қолдана алады?
Жалақыдан бірыңғай төлемді арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар аудара алады:
- Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі;
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі.
Олар сондай-ақ қызметкерлердің табысынан бірыңғай төлемді аудару бөлігінде салық агенттері ретінде әрекет етеді.
Бірыңғай төлемге:
- Қызметкерлердің табысынан алынатын жеке табыс салығы;
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
- әлеуметтік аударымдар;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар мен аударымдар.
Қанша төлеу керек?
Бірыңғай төлем ставкасы:
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 20,0%;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 21,5%;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 23,8%;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 24,8%;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 25,8%;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 26,3%.
Бірыңғай төлем ставкасындағы зейнетақы жарналарының үлесі:
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 50%;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 46,5%;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 42%;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 40,3%;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 38,8%;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 38%.
Бірыңғай төлемді қашан жасау керек?
Бірыңғай төлемді аудару мерзімін ай сайын есепті кезеңнен кейінгі 25-ші күннен кешіктірмеу керек. Екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының банк шотына төлеуге болады. Төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің кірістеріне бастапқы немесе келесі декларацияда салық салудың таңдалған тәртібі салық кезеңі ішінде өзгертілмейді.
Қандай пайдасы бар?
Бірыңғай төлемді енгізу арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін шағын бизнес өкілдеріне барлық салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдетуі тиіс, ол енді бір төлем тапсырмасымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұл төлемнің жалпы сомасы бөлек төлемге қарағанда аз.