Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жалақы 10% өскенімен, нақты табыс 25 жылда ең төмен деңгейге түсті

Көпбалалы отбасылар мен ипотека төлейтіндер енді салықтан жеңілдік ала аламайдыФото: Stan.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда бір жыл ішінде орташа жалақы 10% өскен. Бірақ инфляцияның салдарынан халықтың нақты табысы төмендеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ANCOR Central Asia компаниясының жұмыс берушілер арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесі бұл жағдайды растады. Зерттеуге 80-нен астам қазақстандық компания қатысты.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 80%-ы жалақыны жылына бір рет индекстелетінін, ал тағы 6%-ы мұны әр жарты жыл сайын жасайтыны белгілі болды. Қалған компаниялар жалақыны қысылтаяң жағдайда ғана көтереді. Дегенмен индекстеу мөлшері көбіне бағалар өсімін толық жаппайды.

ANCOR Central Asia дерегінше, жұмыс берушілердің жартысы жалақыны 10%-дан асырмай көтерген, бұл ресми инфляция деңгейінен 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,3% төмен. Ал шамамен 20% компания қызметкерлерінің жалақысын 33%-ға көтерген. Қалғандары жалақыны сол күйі қалдырған немесе төлемдерді азайтқан.

“Улагат консалтинг групп” ЖШС директоры Марат Каирленовтың айтуынша, алдағы уақытта нақты табыс төмендейді.

“Бизнес жалақыны көтермеді. Мүмкін, тіпті штаттар қысқарған болар, осындай статистиканы көріп отырғанымыздың себебі де сол шығар. Биыл менің ойымша, нақты табыс төмендей береді. Бұған бірнеше факторлар әсер етеді”, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, бұл факторлардың бірі – Салық кодексіндегі өзгерістер. Жаңа жүйе халықтың сатып алу қабілетін одан әрі төмендетуі мүмкін. Шикізат секторындағы табыстың қысқаруы экономикаға қосымша қысым көрсетіп отыр.



Мамандардың сөзінше, жұмыс берушілер де қиын жағдайда қалып отыр. Инфляция өнімнің өз құнын арттырады, бірақ кәсіпкерлер бұл шығындарды үнемі бағаны көтеріп, жүктемені тұтынушыларға артып қойып отыра алмайды.

“Компаниялар екі үлкен таңдаудың ортасында тұр. Ол нарықтық қысымның әсерінен ресурстарды таба алмайды немесе бағаны көтеру арқылы оларды көбейте алмайды. Ал жалақыны индексациялау қажет. Компанияның кез келген экономикасы, ең алдымен негізгі қаржылық көрсеткіштерден тұрады. Ал осы негізгі қаржылық көрсеткіштер көбіне негізгі адамдарға байланысты”, – дейді қаржы маманы Талғат Игликов.

Бұған дейін министр Жұманғарин елде жалақының көтерілмеу себебін атаған еді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 12:36