Қазақстанда зейнетақы жинақтарымен ипотеканы өтеу: Өтінім қабылдау бір айға тоқтатылады

Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен ипотеканы өтеуге қатысты жаңа шектеу енгізіледі. Отбасы банк негізгі қарызды ғана өтеуге рұқсат беріп, осы өзгерістерге байланысты өтінім қабылдауды 2026 жылғы 30 қаңтардан бастап бір айға уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасы банк зейнетақы артық қаражатын пайдалану тәртібіне қатысты маңызды өзгерістер туралы мәлімдеді. Отбасы банкінің түсіндіруінше, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану қағидаларында "қарыз" ұғымы "негізгі қарыз" деген терминге ауыстырылған. Өзгеріске сәйкес, енді зейнетақы артық қаражаты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды өтеуге ғана бағытталады.
Яғни:
- ай сайынғы төлемнің ішіндегі пайыздар мен қосымша төлемдерді зейнетақы жинақтары есебінен жабу мүмкін болмайды;
- пайыздар мен өзге де ілеспе төлемдер қарыз алушының жеке қаражаты есебінен төленуі тиіс.
Осы жаңашылдыққа байланысты ипотеканы өтеу процесі қайта пысықтауды талап етеді. Болашақта бұл операция екі кезеңнен тұрады:
- Әуелі, пайыздар мен өзге де төлемдер жеке қаражат есебінен өтеледі;
- содан кейін негізгі қарыз зейнетақы артық қаражаты арқылы жабылады.
Ол үшін Отбасы банктегі ағымдағы және арнайы шоттарда алдын ала жеткілікті қаражат болуы қажет. Осыған байланысты банк біржолғы зейнетақы төлемдерін есебінен ипотеканы ішінара немесе толық өтеуге өтінім қабылдауды уақытша тоқтатады.
Еnpf-otbasy.kz платформасында өтінім қабылдау 2026 жылғы 30 қаңтардан 31 қаңтарға қараған түннен бастап 2 наурызға дейін тоқтатылады.
Айта кету керек:
- 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін тапсырылған өтінімдер бұрынғы тәртіппен қаралады;
- зейнетақы жинақтарын сұрату процесі өзгермейді;
- тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған өзге мақсаттар бойынша зейнетақы қаражатын пайдалану шарттары сол күйінде қалады.
- Қазақстанда Отбасы банктен басқа да банктерге жеңілдетілген ипотека беру құқығы берілді
-
Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға биыл несие мен ипотека рәсімдемеуге кеңес берді
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар зейнетақы жинақтарындағы артық қаражатты ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық немесе ішінара өтеуге пайдалана алатын. Бұл сомаға негізгі қарызбен қатар, ай сайынғы төлем құрамындағы пайыздар да кіретін. 2026 жылғы 13 қаңтардағы министрлік бұйрығымен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп, енді зейнетақы жинақтары тек ипотеканың негізгі қарызын өтеуге ғана бағытталатыны нақты бекітілді. Өзгерістер 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді.