Қазақстанда запастағы офицерлер екі жылдық әскери қызметке шақырылады
Қорғаныс министрлігінің "Ашық НҚА" порталында жарияланған қаулы жобасына сәйкес келесі жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
Министрліктің мәліметінше, әскери қызметке шақырылған азаматтар 24 ай бойы офицерлік құрамдағы лауазымдарда қызмет атқарады.
Олардың орналасу орындары келесідей:
- Қарулы күштерде 700 адам,
- ҰҚК Шекара қызметінде 80 адам,
- ІІМ Ұлттық гвардиясында 131 адам,
- Төтенше жағдайлар министрлігінде 4 адам.
Құжатта "запастағы офицерлерді шақыру әскери даярлығы бар резервті жинақтау және офицерлік құрамдағы бос лауазымдарды толтыру мақсатында жүзеге асырылады" деп жазылған.
Айта кетейік, былтыр жыл басында тиісті қаулымен запастағы 345 офицерді әскери қызметке шақыру жоспарланып, кейін саны екі есе ұлғайды. Осылайша запастағы 635 офицер әскери қызметке шақырылды.
Еске салайық, бұған дейін биыл сұранысқа медициналық, авиация, инженерлік, артиллерия, радиотехника, оқу-идеологиялық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әскери көлік, ақпарат және барлау мамандықтары бойынша шақыртулар болатынын жаздық. Әскерге денсаулығы және қажет әскери мамандығы бар, әскери қызметке жарамды 29 жасқа дейінгі (медициналық қызметтердің запастағы офицерлері үшін – 32 жасқа дейін) азаматтар жіберіледі. Әскери борышын өтеген офицерлер әскерге шақырудан босатылады.