Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Aitu іске қосылса WhatsApp пен Telegram-ға тыйым салына ма": Цифрлық даму министрлігі жағдайға түсініктеме берді

Фото: pixabay.com

Желіде тараған WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Цифрлық даму министрлігі жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға тыйым салынбайтынын хабарлады. 

“Aitu шетелдік мессенджерлерді азаматтардың жеке өмірінде алмастырмайды және оған “кедергі келтірмейді”, ол тек мемлекеттік сектордағы жұмыс процестері үшін қорғалған арнаны қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік қызметкерлер тек жұмыс барысында пайдаланатын ақпаратпен қауіпсіз алмасуды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік ұлттық мессенджердің ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және қорғалған цифрлық ортаға көшу мақсатында енгізілетінін атап өтті.

“Aitu қызметтік хат алмасудың, жұмыс чаттарының, жедел хабарламалардың және мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара әрекеттесудің негізгі құралына айналады. Оның басты артықшылығы – барлық серверлер Қазақстан аумағында орналасқан, бұл деректерді қорғау талаптарына сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін сенімдірек етеді”, – деп мәлімдеді цифрлық даму министрлігі.

Еске салсақ, мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуге міндеттелгенін жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 18:26
Талқылау