Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов тестілеу жүйесіндегі өзгерістерді айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан былай ҰБТ-ның өту барысын онлайн-режимде көруге болады. Яғни, ата-аналар тест жүріп жатқан орындарға бармай-ақ үйде отырып бақылай алады.
Әлімқұловтың айтуынша, жаңа жүйе арқылы университет алдына жиналатын адам саны азаяды. Тестілеу картасы арқылы еліміздің өзге өңірінде жүрген адам тестілеудің қалай жүріп жатқанын көре алады.
“Бұл жаңашыл өзгеріс – технологияның жемісі. Қауіпсіздің шаралары толығымен қамтамасыз етілді. Астанадағы Агротехникалық университеті басшылары талапкерлер үшін барлық жағдайды жасап қойды”, – дейді Рамазан Әлімқұлов.
«Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша 92 826 талапкер бар. Қазіргі кезеңде талапкерлер қайда түсетіндігін таңдап жатқан жоқ, олар бірінші кезекте, тестілеуден өтуде. Тамызға қарай олар оқитын жерлерін таңдай бастайды. ҰБТ-ға алып кіруге рұқсат етілген заттардың тізбесін қамтитын жыл сайынғы нұсқаулық бар, яғни оның ішінде ауыз су, шоколад және қалам ескерілген. Бүгін еліміз бойынша 16 мыңға жуық талапкер 42 пунктте ҰБТ тапсырып жатыр»,-деді орталық басшысы.
Бүгін республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін ҰБТ-да 92 827 түлек сынға түседі. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, арыз жазған. Олар биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының (131 377) 71% құрап отыр. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 – орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі.
Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ Интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған.
«Ата-аналарға ыңғайлы жағдай қамтамасыз ету мақсатында 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі. Әдеттегідей, ҰБТ өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, ауыз су және тағам өнімдерін сату орындары қызмет көрсетеді», – дейді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Тағы да оқыңыз:
Еден жуушы әйел маңдай терімен тапқан ақшасына Астанадан үш пәтер сатып алды
Ақтөбелік дәрігерлер ауруханада қайтыс болған жігіттің ағзаларын туыстарының рұқсатынсыз кесіп алған