Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақстанда тұрып жатырмыз, шетелде емес": Ата-аналар студенттерді ағылшын тілінен ақсағаны үшін оқудан шығармақ болған NARXOZ университетіне наразы

Алматыда NARXOZ университетінде ата-аналар 800 баланы ағылшын тілін білмегені үшін бір сәтте оқудан шығаратынына наразылық білдірді. Айтуларынша математикаға басымдық берген студенттерді ағылшын тілінен емтиханнан құлатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан

Мұнда көбі ІТ саласында жұмыс істеп немесе программист боламын деп оқуға түскен екен.

“Пәндердің бәрі ағылшын тілінде жүрейін деп жатыр ғой. Сондықтан бұлар ағылшын тілін белгілі бір деңгейде білу міндетті екен. Бірақ толық ақпарат болмағандықтан, естімеген. 800 бала өтпеген. Басқа пәндерінің GPA-сы жақсы, жана көрдік. Үлгерімі өте жақсы. Тек ұстап тұрған ағылшын тілі курсы”, – деді ата-ана Айжан Бекетова. 

Бұған дейін 1-курс студенттері бір жыл бойы негізгі пәндерден бөлек, арнайы ағылшын курсын оқыған екен. Оқу жылының соңында шет тілінен екі рет емтихан тапсырған. Бірақ басым бөлігі қажет балл жинай алма қалған. Студенттердің шет тілін үйренуге қарсылығы жоқ. Алайда олардың университеттің оқыту бағдарламасына көңілі толмайды.

“Маған 89 балл алдың деді. Бірақ мен ол балды білу үшін деканатқа келіп сұрауым керек. Неге олар бізге жіберілмей, жазылмайды, неге айтылмайды, неге қолымызға қағаз берілмейді? Мына жері қате дегендей. Неге біз білмейміз? Кейбір бала ағылшын тілін мүлдем білмейді. Олар А0 деңгейінен бастады. Жыл аяғында олар А2 деңгейін бітірді. А2-ні бітірсе, В1 деңгейін білу мүмкін емес негізі”, – деді студент Елжан Нұрғаев.

Ата-аналардың айтуынша, университет тым қатал талап қойып отыр.

“Қазақстанда тұрып жатырмыз, шетелде емес. Соның өзінде шетелде тіл оқуға бір жыл фоундейшн береді. Ал бізге бір жылда "профессионал керек" дейді. Оқыған жоқ ондайды. Балаларға қиын болды ғой. Қазір енді далаға лақтырып тастайын деп тұр”, – деді ата-ана Мейрамгүл Беген.



Алайда университеттегілер мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша ағылшын тіліне бола биыл ешкім оқудан шығарылмайды екен. 

“Оқудан шығарылмайды. Келесі жылы, мысалы, қайтадан мүмкіндік береді. Қайтадан шетел тілін өтеді. Мемлекеттік грантқа ол ешқандай әсер етіп жатқан жоқ. Екіншіден, студенттердің үлгеріміне жабылмаған сабақтары әсер етеді. Ол соған байланысты. Біріншіден, дискрет –  математика мен математикалық талдау. Ал 2-курста өте алмай қалса, оны бір жылдан кейін көре жатармыз,”, – деді Narxoz университеті тіркеуші кеңсесінің басшысы Бахыт Амансейікова. 

Narxoz университетіне былтыр 3 мың 700 студент оқуға түскен.

Талқылау