Қазақстанда тойдағы арсыз ойындар мен орынсыз әзілдерге заңмен тыйым салу ұсынылды
Фото: Видеодан скрин
Қазақстанда той мәдениетін реттеу мәселесі мәжіліс деңгейінде талқыланып жатыр. Депутаттар адам ұялтатын ойындар мен орынсыз әзілдерге заң жүзінде шектеу енгізуді қарастырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаттың пікірінше, соңғы жылдары қазақтың тәлім мен тәрбиенің символы саналатын той дәстүрі шоуға айналып, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіруде. Асабалар мен өнерпаздардың кейбірі қонақтардың абыройына тиетін әрекеттер жасап, орынсыз ойындар ұйымдастыруды әдетке айналдырған.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, мұндай жағдайларға заңнамалық деңгейде тыйым салу қажет.
"Заң тұрғысында бұған нақты тыйым нормалары болуы керек деп есептеймін. Ақпарат және мәдениет министрлігі осындай көріністерді саралап, қажет болған жағдайда айыппұл салу сияқты шаралар қолдануы тиіс", – деді депутат.
Маманның сөзінше, тойдағы мәдениетке бақылау орнату ұлттық намысты қорғауға және қоғамдағы тәрбиелік мәнді арттыруға бағытталуы керек.
Алайда асаба Санат Нұрбай мәселенің бір ұшы тапсырыс берушілерде екенін айтады.
"Көп жағдайда той иелері өздері осындай ойындар мен әзілдерді талап етеді. Ақысын төлеген соң, асаба сол сұранысқа сай қызмет көрсетеді. Қонақтар да “бізді ойнат, көңілімізді көтер” деп талап қояды. Сондықтан бұл жерде сұранысқа ұсыныс болып тұр", – дейді ол.
Мәжіліс мүшелері мұндай әрекеттерге әкімшілік жаза енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бастама қолдау тапса, ұятты ойындар мен орынсыз әзілдер ұйымдастырған асабалар мен шоу-бизнес өкілдеріне айыппұл салынуы мүмкін. Депутаттар той мәдениетін сақтау ұлттық болмыс пен қадір-қасиетті қорғаудың бір бөлігі екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаттары отандық фильмдер мен әндердегі дөрекі сөздер мен арсыздыққа алаңдаушылық білдірді. Олар мұндай контентті заңмен шектеуді ұсынды. Ал вице-министрлер цензура болмайтынын, бірақ әдепсіз насихатқа тосқауыл қойылатынын айтты. “Ирина Қайратқызы” тобы депутаттар тарапынан сынға ұшырады.
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады