Қазақстанда теміржол желісінің жартысынан астамының тозығы жеткен
Фото: rail-news.kz
19 тамызда өткен үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол желісінің 57 пайызы тозғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік министрі магистралдық теміржол желісі теміржол негізгі активі екенін атап өтті.
"Теміржол желісін жалпы пайдалану ұзындығы – 16 мың км, тозу деңгейі – 57 пайыз. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етеді", – деп мәлімдеді Нұрлан Сауранбаев.
Бұл проблемаларды шешу үшін, министрдің айтуынша, 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысын салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған, Сонымен қатар 11 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
"Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар – "Достық – Мойынты", "Дарбаза – Мақтаарал", "Мойынты – Қызылжар" "Бақты – Аягөз" учаскелері және "Алматы айналма теміржолы". Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталмақ. Олар "Достық – Мойынты" учаскесі және "Алматы айналма теміржолы". Келесі жылы "Мойынты – Қызылжар" және "Дарбаза – Мақтаарал" жаңа теміржолдары іске қосылмақ", – дейді көлік министрлігінің басшысы.
Сауранбаев биылдан бастап 3 мың км теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталғанын атап өтті.
"Бұл жұмыстарды жаңа жолдарды салумен тең. Мысалы, "Қызылжар – Сексеуіл" учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал "Қандыағаш – Тобыл" 7-ден 25-ке дейін көтеріледі. Бүгінгі күнде аталған жобалар Қазақстанның теміржол негізін толығымен қалыптастырады деп айтуға болады", – деді министр.
Сондай-ақ Нұрлан Сауранбаев алдағы жылдары барлығы 456 локомотив сатып алынатынын айтты.
"Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспарлануда. Локомотивтерді жеткізушілер – қазақстандық "Электровоз құрастыру зауыты", "Локомотив құрастыру зауыты" және Қытайдың CRRC компаниясы", – деді көлік министрі.
АҚШ-тың Wabtec компаниясының деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы жүрген локомотивтер заманауи және тиімді техникалар, олар болашақтың тасымал талаптарына толық сәйкес келеді.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
