Қазақстанда темекі өнімдерінің минималды бағасы артты
Қаржы министрлігі темекі өнімдерінің минималды бағасы 870 теңгеге көтерілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 сигареттен тұратын фильтрі бар темекі пакеттерінің, фильтрі жоқ темекі, папирос, сигарилл мен қыздырушы темекі өнімдерінің минималды бағасы 870 теңгеге көтерілді.
Айта кетейік, 2024 жылы минималды бағаның екі рет көтерілгені байқалды. Жыл басында – 770 теңгеге, ал 15 шілдеден бастап – 820 теңгеге артты.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы шілдеде Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекі шегуге қатысты жыл сайынғы кезекті зерттеуін жүргізді. Сауалнама республикадағы барлық өңірді, оның ішінде ірі қалалар – Астана, Алматы және Шымкентті қамтыды. Алынған нәтижелер бойынша, қазір халықтың 20,7%-ы темекі шегетіні анықталды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 19,4% болған.