Қазақстанда театр және концерт билеттері қымбаттайды
Фото: pixabay.com
Қазақстанда театр, мұражайлар және басқа да мәдени ойын-сауық билеттері қымбаттайды. Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, тарифтерге түзету енгізу “тұрақты жұмысты қолдау және қызмет көрсету сапасын арттыру” мақсатында қолға алынған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, республикалық театрлар, мұражайлар, мұражай-қорықтар, концерттік ұйымдар, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдары өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасына өзгерістер енгізіледі.
“Атап айтқанда, бұйрықта республикалық театрлар мен концерттік ұйымдардың театрландырылған қойылымдары мен концерттеріне, республикалық мұражайлардың көрме залдарына бағалар белгіленді. Бұйрық 2020 жылы қабылданғанын ескере отырып, қазір бағаны түзету мүмкіндігі қарастырылуда. Баға өсімі іс-шара түріне және билет санатына байланысты болады”, – делінген министрліктің желілік басылымға берген жауабында.
Ведомство өкілдері халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін баға қолжетімді болып қалатынын атап өтті.
Министрліктегілер баға қаншалықты көтерілетінін нақтыламады. Өзгерістер тиісті нормативтік құқықтық акт бекітілгеннен кейін күшіне енеді.
Мәдениет министрлігі дерегінше, 2020 жылы бұйрық қабылданғаннан бері мәдениет ұйымдарында қызмет көрсету бағасы жаңартылмаған.
"Өсім пайдалану шығындарының жалпы өсіміне, жабдықты жаңартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және мәдени іс-шараларды көрермендер үшін тартымды етуге байланысты болып отыр", – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Министрлік өкілдері Қазақстанда кейінгі 5 жылда коммуналдық қызметтер мен электр қуатының бағасы, машиналарды, механизмдер мен жабдықтарды жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге кететін шығындар өскенін, декорацияларды сақтауға арналған қоймаларды жалға алу құны екі есе, көлік қызметтеріне, кеңсе тауарларына шығындар 10 пайыз өскенін атап өтті.
Қаражат іс-шаралар бағдарламасын кеңейтуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға, декорацияларды, костюмдерді жаңартуға және басқа мақсаттарға жұмсалмақ.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
