Қазақстанда такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылды
Қазақстан бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкенов такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Прокуратура өкілі Қырғызстанда такси жүргізушілерін лицензиялау бұрыннан бар екенін, ал Әзербайжан мен АҚШ-та тасымалдаушыларға бақылау жүргізілетінін атап өтті. Ал Ресейде такси туралы арнайы заң қабылданған.
"Такси жүргізушілері ұйқысыз әрі демалыссыз жолда жүреді. Бұл ресми таксилер емес, "Яндекс", inDrive және басқа да цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндер. Олар күнделікті медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы қадағаланбайды, демалыс уақыты бақылаусыз. Нәтижесінде өткен жылы такси жүргізушілерінің қатысуымен 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 42 адам қаза тауып, 201 адам жарақат алды", – дейді Әлкенов.
Бұдан бөлек прокуратура өкілі автомектептердің жұмысына қатысты мемлекеттік бақылауды қайта енгізу қажеттігін атап өтті.
"Жинақталған мәселелерді ескере отырып, такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Алдын ала медициналық тексеруді міндетті ету, алғашқы медициналық көмек құралдарының болуын қамтамасыз ету, техникалық тексеруден жылына кемінде екі рет өтуді талап ету, жүргізушілердің ұйқысы мен демалысын бақылау, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда такси тасымалына рұқсат беретін құжаттардың күшін уақытша тоқтату керек. Сонымен қатар, такси жүргізушілерінің бірыңғай цифрлық тізілімін енгізу ұсынылады, ал жол ережелерін жүйелі түрде бұзған жағдайда оларды бұл тізілімнен шығарып, қызметін тоқтату қажет. Бұл саланы өзін-өзі реттеуге беру проблемаларды шешпейді және талаптардың орындалуын қамтамасыз етпейді", – деді Әлкенов.