Қазақстанда тағы бір облыс жаңа жұмыс кестесіне көшпек
Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлер жаңа жұмыс кестесіне көшпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
2025 жылдың 21 сәуірінен бастап Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлер жұмыс күнін жарты сағатқа ертерек бастайды. Жаңа жұмыс кестесіне сәйкес, жұмыс уақыты 08:30-да басталып, 17:30-да аяқталады. Тиісті бұйрыққа облыс әкімі Асхат Шахаров қол қойған.
"Әкімнің бұйрығына сәйкес, облыс әкімінің аппараты, облыстық басқармалар және Ақтөбе қаласының әкімдігі жаңа жұмыс тәртібіне көшетінін растаймыз: жұмыс уақыты 08:30-дан 17:30-ға дейін. Түскі үзіліс – 12:30-дан 13:30-ға дейін", – делінген хабарламада.
-
Алматы қаласы "бұрынғы уақыт белдеуіне" көше ме – Жергілікті билік жауап берді
-
Қоғам белсенділерінің қаупі расталған жоқ – Тоқаев уақыт белдеуін өзгертуге қатысты ойын айтты
Ресми хабарламада жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім ұжымдық түрде қабылданғаны айтылған. Ішкі сауалнама нәтижесінде бұл бастаманы мемлекеттік қызметкерлердің 70%-дан астамы қолдаған.
"Қызметкерлер жұмыс күнінің ерте басталып, ерте аяқталуын қолайлы деп бағалады. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған", – деді облыс әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы түгелдей "бұрынғы уақыт белдеуіне" ауысқаны туралы жазған едік.