Қазақстанда тағы бір кәсіби мереке бекітілмек
Фото: ahps.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов үкімет отырсынан кейін өткен брифингте елімізде тағы бір кәсіби мереке бекітілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев үкіметке азаматтар мен кәсіби қауымдастықтардан белгілі бір күндерді мемлекеттік немесе кәсіби мерекелер деп тану туралы өтініштер көптеп түсетінін мәлімдеген еді. Осыған байланысты БАҚ өкілдері еңбек министрлігі өкілінен ресми түрде Энергетик күні бекітілуі мүмкін бе екенін сұрады.
"Бүгінде Энергетик күні бойынша мәселе бұйрықты бекітуге келіп тіреліп тұр. Жоба әділет министрлігінде. Егер жақын арада келіссек, күнін – 22 желтоқсанды бекітеміз", – деді вице-министр.
Сондай-ақ брифинг кезінде 31 желтоқсанды демалыс күні ретінде жариялау жөнінде сұрақ қойылды. Асқар Биахметов үкіметте мұндай мәселе қаралып жатпағанын айтты.
Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Шалқар Оразбеков не себепті 31 желтоқсан демалыс күні ретінде бекітілмейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, 31 желтоқсанда әлемнің барлық елінде жұмыс күні болса, демалыс 1-2 қаңтарға белгіленген. Сондықтан 31 желтоқсанды мереке күні ретінде жариялау мәселесі қарастырылмаған.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
