Қазақстанда "Союз-5" зымыран-тасығыштары сынақтан өткізіледі
Фото: militaryaerospace com
Сенат депутаттары Қазақстан мен Ресей Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келісімде орта деңгейдегі зымырмен "Байтерек" кешенінің ұшу сынағын бастау 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ 2027 жылға дейін "Союз-5" зымыран-тасығыштары сынағын өткізу ұсынылған.
2004 жылғы 22 желтоқсандағы екі ел арасындағы келісім "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Байтерек" ғарыштық зымыран кешенін құруды және осы үшін бірлескен қазақстандық-ресейлік "Байтерек" АҚ құруды көздейді.
"Хаттамада мынадай негізгі өзгерістер көзделген: ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға ауыстырылады. 2028–2039 жылдар аралығында жылына екі рет емес, үш рет кепілдендірілген ұшыруды жүргізу жоспарланған. "Бәйтерек" акционерлік қоғамына корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер мерзімі 2028 жылдан, яғни жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін 15 жылға дейін ұзартылып отыр. Аталған салық бойынша преференциялар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде қарастырылмағанымен, бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында ұсынылды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырма аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Техникалық және ұшыру кешендері жаңартылып жатыр, - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, жобаны жалпы құны – 90,8 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылға 60,8 млрд теңгесі көзделген. Ресей тарапы "Союз-5" зымыран тасығышын және оның техникалық жабдықтарын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зауыттық сынақтар қазақстандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылды. Алғашқы ұшыру 2025 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.
"Союз-5" зымыран тасығышының артықшылықтарына тоқталсақ, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, керосин мен оттегі отынын қолданады. "Союз-5" қазіргі кезде пайдаланып жүрген "Протон-М"-ның орнын басады. "Бәйтерек" жобасы - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі Байқоңырдағы алғашқы және жалғыз толыққанды бірлескен бастама. Бұл жоба ғарыш айлағы инфрақұрылымын сақтап қалу, отандық кадрлық әлеуетті арттыруға, ғарыш саласының толық циклын, аппараттар жасау мен оларды ұшыруды өзімізде ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - деді депутат.
Айтуынша, қазір елімізде бес ғарыш аппараты пайдаланылуда. Тағы бес аппарат жасалып жатыр. Оның екеуі экспорттық келісімдер аясында шетелге арналған. Бұл отандық өндірісті дамытудың және коммерциялық ғарыш саласын қалыптастырудың нақты көрсеткіші. "Бәйтерек" кешенін уақытылы іске қосу Қазақстан үшін ғарыш аппараттарын құрастыру мен ұшыруды қамтитын тиімді коммерциялық жүйе құруға жол ашады.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
