Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелдік интернет дүкендер тіркеуге алынады

Қазақстанның сауда министрлігі онлайн сауда жасаған азаматтар алданып қалмас үшін шетелдік интернет дүкендерді тіркеуге алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тіпті келер жылдан бастап интернет компанияларға қосымша құн салығы бойынша міндеттеме енгізілетін болады. Себебі интернет алаяқтардан тұтынушыларды қорғаудың басқа амалы жоқ.

“Интернет алаяқтарды құрықтау үшін барлық әлеуметтік желілердегі дүкендерді арнайы онлайн сауда алаңында жеке ІD-номерлерімен тіркеп отыру керек. Сол арқылы онлайн тапсырыс берушілер интернет дүкені жайлы толық мәліметті ала алады. Оның үстіне, егер сатушы онлайн сауда ережесін бұзса, дереу бұғатталады”, – деп түсіндірді Сауда және интеграция мәселелері бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Денис Степанцев.

Жалпы жыл басынан бері әлеуметтік желілердегі дүкендерде 11 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркеліпті. Ал тауарға онлайн тапсырыс беріп алданған қазақстандықтардың шығыны 1 миллиард теңгеден асып жығылады. Ақшасын төлеп, бірақ тауарын ала алмай қалғандардың басым көпшілігі төлемдерін де кері қайтара алмаған. Себебі халықаралық ақша аударымдарын бақылау қиынға соғады дейді мамандар.

Талқылау