"Росатом" Қазақстанда салынатын АЭС-тің ықтимал апаттары салдарына жауапты болмайды
Фото: freepik.com
Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Қазақстандағы АЭС іске қосылғаннан кейін оның қауіпсіз жұмыс істеуіне жауапты болмайды. Барлық жауапкершілік Қазақстанға жүктеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АЭС пайдалануға берілгеннен кейін "Росатомда" станцияның қауіпсіз жұмыс істеуіне және апаттардың ықтимал салдарына қатысты ешқандай міндеттемелер болмайды. Агенттіктің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, залалды өтеудің жеңілдетілген тетігі және Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес, Қазақстан барлық ықтимал шығынды өз мойнына алады.
"Атом электр станциясындағы ықтимал оқиғалар үшін негізгі заңды жауапкершілік станция операторына жүктеледі. Бұл модель көптеген елде қолданылады және зиянды өтеу механизмін жеңілдетуге бағытталған. Осылайша, халықаралық құқық тұрғысынан Қазақстандағы АЭС операторы станцияның қауіпсіз жұмыс істеуі және апаттардың ықтимал салдары үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады", – делінген агенттік хабарламасында.
Бірақ жоба аясында сақтандыру, техникалық кепілдіктер және Бас келісім-шартта көзделген "мердігердің, соның ішінде "Росатомның" ықтимал жауапкершілігі" шарттары бойынша келісімдер қарастырылып жатыр.
Агенттік мәліметінше, "Росатом" санкциялар тізімінде жоқ.
"Кейінгі мәліметтерге сәйкес, "Росатом" санкциялар тізімінде жоқ. Болашақта жекелеген елдерде санкциялардың күшеюіне байланысты қандай да бір қауіп туындаған жағдайда, бізде қазақстандық компаниялар басқа жобаларда қолданған тиісті келісімшарт тетіктері болады. Мысалы, тиісті санкциялар мен басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі бар", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Агенттік хабарламасында әлеуметтік және гуманитарлық қажеттіліктермен және климаттық күн тәртібімен байланысты ядролық энергетика санкциялар тізіміне енбейтіні айтылған.
Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті негізінен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің атомдық қадағалау және бақылау комитеті қадағалайды, ол лицензиялауға, тексеруге және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға жауапты.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі шығарындылар, қалдықтармен жұмыс істеу және қоршаған ортаға радиациялық әсерді қоса алғанда экологиялық нормалардың сақталуын бақылайды.
"Өнеркәсіптік қауіпсіздік, су ресурстарын қорғау, санитарлық қадағалау, төтенше жағдайлар және басқа да салалар бойынша өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдар да тартылады. Ядролық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарының сақталуын Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер аясында МАГАТЭ бақылайды", – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда бірінші Атом электр станциясын “Росатом” салатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Қазақстанда екінші АЭС-ті қытайлық компания салатыны белгілі болды.
Сонымен қатар Атом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы аясында Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынатынын мәлімдеді.

Биыл жазда шетелде демалу құны қанша? Вьетнам арзандап, ал Түркия қымбаттаған
