Қазақстанда көпбалалы отбасылардың айыппұлдарын кешіру жоспарланып отыр: Амнистия кімдер ілінбек?

Қазақстанда тарихта алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізу жоспарланып отыр. Қазір бастаманың нақты параметрлерін жұмыс тобы талқылап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, амнистияның нақты моделі әлі қалыптасу үстінде. Қазір түрлі мемлекеттік органдардан ұсыныстар жиналып жатыр.
Кімдерге жеңілдік берілуі мүмкін
Алдын ала талқылауларға сәйкес, басымдық әлеуметтік осал топтарға берілмек.
Сенатордың сөзінше, рақымшылық ең алдымен:
- ардагерлерге;
- мүмкіндігі шектеулі жандарға;
- көпбалалы отбасыларға;
- басқа да әлеуметтік осал санаттарға қатысты қарастырылып жатыр.
Алайда нақты тізім әлі бекітілмеген. Барлық ұсыныс сарапталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданады.
Қазақстандықтардың әкімшілік айыппұлдары толық және ішінара кешірілмек
Қазақстанда енді әкімшілік тәртіп бұзушылықтарға да автоматты түрде айыппұл салынады
Айыппұлдар қалай сараланады?
Бастаманың басты ерекшелігі айыппұлдарды кешіру мүмкіндігі. Сенатордың айтуынша, қоғамға қауіп төндірмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдар кең ауқымда есептен шығарылуы мүмкін.
“Егер бұл адамдарға қауіп төндірмесе, әкімшілік істердің басым бөлігі бойынша айыппұлдар кешірілуі мүмкін”, – деді ол.
Сонымен қатар талқылау барысында бюджетке түсетін кірістің азаюы мәселесі де көтерілген. Алайда депутат айыппұлдардың негізгі мақсаты бюджет толтыру емес екенін айтты.
“Айыппұлдың негізгі міндеті құқықбұзушылықтың алдын алу. Біздің мақсат бюджет толықтыру емес”, – деді сенатор.
Қазір не белгілі
Бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында әзірленіп жатыр.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдарын толық немесе ішінара кешіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған.
Сонымен қатар премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне, Әділет министрлігіне және Бас прокуратураға екі апта ішінде амнистия механизмін әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, амнистия азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқықбұзушылықтарға ғана қатысты болады.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланатынын айтқан еді.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?