Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "пранк" жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін


Фото: pixabay.com

Қазақстанда "пранк" жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.

"Құқық қорғау органдарының формасын киіп, жалған куәліктерді, кісендерді және басқа да арнайы құралдарды пайдалана отырып қойылатын көріністерге (“пранктарға”) байланысты жағдайлар, нақты мән-жайларға қарай, бұзақылық, билік өкілінің не маңызды мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаның атағын өз бетімен иелену немесе басқа да әкімшілік не қылмыстық құқық бұзушылықтар ретінде саралануы мүмкін. Әрбір осындай оқиға бойынша тексерулер жүргізіліп, заңнамада белгіленген шаралар қабылданады", – деді Сәденов.


Жігер Ауыпбаевтың үйленгені пранк болып шықты


Ол қазіргі жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

"2023 жылғы 4 қазандағы үкімет қаулысына сәйкес, мәдениет және ақпарат министрлігі – ақпарат, масс-медиа, ақпаратқа қол жеткізу, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Ақпараттық кеңістікті мониторингілеуді осы министрлік жүзеге асырады және жарияланымдарда қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда, материалдарды құзыретіне қарай құқық қорғау органдарына жолдайды. Өз кезегінде ішкі істер министрлігі өз өкілеттігі шеңберінде ашық дереккөздер мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды бақылап отырады", – деді министр.

Оның мәліметінше, 2025 жылы құқыққа қайшы мазмұндағы 38,1 мың интернет-ресурс анықталған.

Еске салсақ, қазақстандық блогер "өлікті" лифтке кіргізіп, көпшілікке пранк жасаған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 20:04
Талқылау