Қазақстанда педофилдерге өлім жазасын кесуді сұрап миллионнан аса қол жиналды
2 қыркүйек күні Ақтау тұрғыны Алтынгүл Ахметова президент канцелярясына педофилдерге өлім жазасын кесу жөнінде қол жинап жіберді. Ақтау тұрғынының айтуынша, бір аптаның ішінде миллионнан астам қол жиналған екен.
Бұл туралы Лада хабарлайды.
“Менің бастамама әр түрлі жастағы адамдар қолдау білдірді. Маңғыстау облысынан бөлек еліміздің өзге аймақ тұрғындары келіп қол қойып жатты”, – дейді ол.
Ол бұл бастаманы әлеуметтік желі арқылы көтерген.
“Хатты Астанаға жібердім. Енді жауабын күту керек. Біздің сөзіміз аяқасты қалмайды деп сенеміз”, – дейді ерікті.
Хатта Алтынгүл Ахметова өзінің ана еместігін, алайда 6 жасар бүлдіршіннің зорланғанын естігенде көзіне жас алғанын айтады.
“Педофилдер баланың психикасын бұзады. Оларды балалық шағынан айырады. Біз әрі баланың қауіпсіздігін ескеруіміз керек”, – дейді Ақтау тұрғыны.
Оқиға 20 тамызда Ақтау қаласында болды. 6 жасар қыз әжесімен дүкенге бірге барғанда оны белгісіз біреу ұрлап кеткен. Екі сағат бойы өздері іздеп таба алмағасын олар полицияға шағымданған.
Қыз бала кешке қарай ес түссіз күйде «Нұр плаза» жағажайына қарсы бетте табылған. Ол жереу аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 120 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі алты жасар қызды зорлаған қылмыскер туралы ақпарат берген адамға 3 миллион теңге сыйақы тағайындағаны хабарланған еді. Кейінірек қызды зорлаған күдіктінің ұсталғаны хабарланғанымен, оның қылмысқа нақты қатысы бар екені расталмады.