Қазақстанда пайызсыз ипотеканы іске қосу жоспары талқыланып жатыр

“Бәйтерек” холдингінің басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосу мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағойшин азаматтар тарапынан осындай “қаржылық шешімдерге” сұраныс түсіп жатқанын айтты. Ал оларды енгізу мүмкіндігі халықаралық институттармен бірлесіп зерттеліп жатыр екен.
“Біздің құрылымдағы “Отбасы банк” халықпен тікелей жұмыс істейтін еншілес ұйымдардың бірі. Елде белгілі бір қағидаларды ұстанатын азаматтар бар. Олардан мұндай сұраныстар түсіп, қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бірақ оны қашан іске қосатынымыз әзірге белгісіз. Осы бағытта бірнеше халықаралық институтпен меморандумдарға қол қойдық”, – деді ол.
Жеңілдетілген ипотекалар: Өтініштер қашан қабылданатыны белгілі болды
Қазақстанда Отбасы банктен басқа да банктерге жеңілдетілген ипотека беру құқығы берілді
Холдинг басшысы қазір бұл тетік зерттеліп жатқанын айтты.
“Қазір тек зерттеп жатырмыз. “Отбасы банктің” азаматтарға осындай қаржылық өнімді қалай ұсына алатынын қарастырып отырмыз. Бұл әзірге талқылау кезеңіндегі мәселе”, – деді ол.
Қарағойшин ислам ипотекасын іске қосудың нақты мерзімін әзірге айта алмайтынын жеткізді. Себебі “Отбасы банкінің” қолданыстағы моделі жинақ жүйесіне негізделген.
“Бұл сервисті нақты ашамыз деп те айта алмаймыз. Себебі “Отбасы банкінің” негізгі моделі, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жинақ жүйесіне сүйенеді. Ал ислам ипотекасының тетігі біз қолданып отырған жинақ жүйесінен біршама өзгеше. Біздің жүйе неміс үлгісіне ұқсас. Сондықтан қазір зерделеп көріп, содан кейін ғана шешім қабылдаймыз”, – деді “Бәйтерек” холдингінің басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы берілетіні туралы жазған едік.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр