Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда пәтерлерді жалға берудің шектік бағасын қою ұсынылды

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа тұрғын үй мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, елімізде төрт жарым миллион адам үйге мұқтаж. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Қазақ әрқашанда өзінің қара шаңырағын хан сарайынан да артық көргені бәрімізге мәлім. Бүгінде елімізде төрт жарым миллион адам үйге мұқтаж. Оның 1,3 миллионы жастар. Осы жағдайға себеп болып отырған біраз мәселелерге тоқталғым келеді. Біріншіден, бұл – елдегі мыңдаған салымшылардың сақалды құрылыстан тартып отырған азабы. Осылайша, 2023 жылы Қазақстандағы үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығының үлесі шамамен 70% болды. Күні кеше Алматы облысындағы екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай отырған 200 отбасымен дау-дамай болды", – деді Нұргүл Тау.

Депутаттың айтуынша, аталған мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласына "эскроу-шоттар" ұғымын енгізу ұсынылады. 

"Атап айтқанда, "эскроу-шоттар" ұғымы еліміздің заңнамасына жат ұғым емес. Алайда бұл тетік тек төлем жүйелері мен төлемдер заңнамасы аясында ғана қолданылып келеді. Осылайша, құрылыс компаниясы объектіні пайдалануға бергенге дейін салымшылардың қаражаттары арнайы "эскроу-шоттарда" сақталады. Құрылыс компаниясы шартты бұзған жағдайда, салымшы ақшаны шешіп ала алады", – деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар ол бүгінде бір азаматтың мойынында бірнеше несиелері бар отандастарымыз аз емес екенін атап өтті.

"Бұл мәселе мәжіліс қабырғасында да көтерілді. Осылайша, көптеген отандастарымыз алғашында үй үшін несие алса, содан кейін сол үйге жөндеу жұмыстарына несие алады. Мұны шешу үшін тұрғын үйлердегі пәтерлерді толықтай жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға беру ұсынылады. Бұл тәжірибе Австрия, Германия және Франция елдерінде тиімді қолданылады. Бұл ретте, әр пәтердің жөнделу бағасы салымшымен алдын ала шартта белгіленсе, мүлік бағасының шарықтауын алдын алуға болады деп есептейміз", – деді Нұргүл Тау.

Үшіншіден, қазіргі кезде елімізде 2 миллионнан астам азаматымыз тұрғын үйлерді жалдап тұрады деді депутат.

"Олардың біраз бөлігі – студенттер. Ал пәтерді жалдау бағасы күннен күнге шарықтап жатыр. Осылайша, пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын. Осыған орай, пәтерлерді жалға беру бағасының шектік арасын айқындау қажет. Бұл жерде жалға берілетін пәтерлердің жағдайына сай хабарландыру сайттарына жұлдыз қою қажет (қонақ үйлер мысалы бойынша). Сонымен қатар бұл үрдіс жүзеге асуы үшін жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру және жалға алу және беру шартының типтік жобасын бекіту қажет деп есептейміз", – деді ол.



Нұргүл Тау кейбір құрылыс компаниялары Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Заңды айналып өту үшін тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасатыны жаңалық емес екенін айтты.

"Қазақстанда аталған шартты жасасқан 6 800-ге жуық үлескер зардап шегіп отыр. Осыған орай тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу қажет. Бесіншіден, елдегі тұрғын үйлердің қолжетімдігін арттыру үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын банк аясында "trade-in" бағдарламасын енгізу ұсынылады", – деп қорытындылады депутат.

Еске салайық, бұған дейін елімізде "Наурыз" және "Отау" ипотекалық бағдарламаларының шарттары өзгергенін жаздық. "Наурыз" және "Отау" ипотекалық бағдарламаларының қатысу шарттары өзгерді. “Отбасы банкі” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысушыларды қосымша қабылдау жариялады. Қабылдау 16-25 қыркүйек аралығында өтеді.

Талқылау