Қазақстанда паркингке газбен жүретін көлік қойғандар қомақты айыппұлға тартылады
Фото: shutterstock.сom
Қазақстанда газбаллон жабдықтары орнатылған автокөліктерді кіріктірілген және жапсарлас жабық паркингтерге қоюға тыйым салынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған шектеу өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес енгізілген. Себебі газбен жүретін көліктер өрт шыққан жағдайда жоғары қауіп төндіреді.
Ережені бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Айыппұл мөлшері 5-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 19 660 теңгеден 196 600 теңгеге дейін жетеді.
Айта кетейік, егер бұл құқықбұзушылық өртке, газдың жарылуына, адам денсаулығына зиян келуіне немесе ірі материалдық шығынға әкелсе, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша 3 000 АЕК-ке (11 796 000 теңге) дейін айыппұл немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Енді eGov қазақстандықтардың үйі мен жері туралы ақпаратты салық органына беріп отырады
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда автотұрақ ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері нақтыланды. Көлікті дұрыс қоймау немесе тоқтату ережесін бұзғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл қарастырылған. Егер көлік жол қозғалысына кедергі келтірсе немесе тротуар, гүлзар, балалар/спорт алаңы, мүгедектер орнына қойылса – 10 АЕК (39 320 теңге) салынады. Ақылы автотұрақ үшін төлем жасамаған жағдайда алғаш рет 1 АЕК (3 932 теңге), қайталанса 2 АЕК (7 864 теңге) айыппұл белгіленген.
Діни секталар адамдарды ұйымға қалай тартады – Исламтанушы жауап берді