Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда папиллома вирусына қарсы қыздарды вакцинациялау басталды: Ата-аналар нені білуі керек

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

"Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі", – делінген хабарламада.

Мәліметтерге сенсек, екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Бұдан бөлек ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

Айта кетейік, жатыр мойны обыры Қазақстандағы 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік саналады. Өкінішке қарай, жыл сайын елде бұл аурудың 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін анықтады.



"Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыздардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Қазір бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90% төмендеді", – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2024 жылы папиллома вирусына қарсы вакцинация  басталатыны хабарланған еді. 11 жастағы қыздарды иммундау жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстан папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алуға 10 миллиард теңге бөлетіні айтылған.

Талқылау