Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа жалақы 473 мың теңгеден асты

Қазақстанда орташа атаулы жалақы 473 мыңнан асты Фото: depositphotos.com

2025 жылдың IV тоқсанында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы орташа айлық атаулы жалақы мәні 473 158 теңге болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ал 2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша медианалық жалақы 339 912 теңге болған. 

2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы жалақы индексі 108,8% болды, алайда нақты мәнде бұл көрсеткіш 96,8%-ға дейін төмендеді.


Мұнай бағасының өсуіне байланысты Қазақстанда жалақыны да көтеру қарастырылмақ


Ең жоғары орташа жалақы Астана қаласында тіркелген – 659 610 теңге. Сондай-ақ Маңғыстау облысында – 658 762 теңге, ал Ұлытау облысында – 648 620 теңге.

Алматы қаласында орташа жалақы 601 126 теңгені, Шымкент қаласында – 364 034 теңгені құрады.

Ең төмен көрсеткіштер Жетісу облысында – 349 593 теңге, сондай-ақ Жамбыл облысында (335 794 теңге) және Түркістан облысында (324 229 теңге) тіркелді.

Сондай-ақ жалақының өсу қарқыны бойынша республикалық деңгейде келесі өңірлерде көрсеткіш өскен.

“Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың IV тоқсанында айлық орташа атаулы жалақының ең көп өсуі Ақмола облысында – 17,4%, Солтүстік Қазақстан облысында – 13,1%, Абай облысында – 11,7%, Алматы қаласында – 11,5% және Жетісу облысында – 11,2% байқалды”, – делінген Ұлттық статистика бюросының қорытындысында.

Медианалық жалақы – барлық жұмыскерлерді екі тең топқа бөлетін көрсеткіш. Олардың 50%-ы бұл сомадан аз алады, ал қалған 50%-ы көп алады. Бұл көрсеткіш халық табысының деңгейін бағалауда орташа жалақыға қарағанда анағұрлым нақты болып саналады, өйткені оған жекелеген қызметкерлердің жоғары табыстары аз әсер етеді.

Айта кетейік, 2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа жалақы үш айда 11,4% өсіп, 434 982 теңге болған. 

Жақында Қазақстандықтардың жалақысынан 20-25%-ын салық ретінде төлеу ұсынылған еді. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында жалақыға түсетін салық жүктемесін 25%-ға дейін төмендетуді ұсынды. 

Оның айтуынша, қазіргі жүйеде жұмыс беруші жеті түрлі салық пен төлемді әртүрлі есептеу тәртібімен аударады. Соның салдарынан адал еңбек қатынасын рәсімдейтін жұмыс берушілерге шығын көп түседі. Мысалы орташа айлық 430 мың теңге болған жағдайда, оның 146 мың теңгесі түрлі төлемдерге кетеді. Бұл жүктеме “қолға алатын” жалақының 41%-ынан асады.

Депутаттың сөзінше, бірдей табыс кезінде жалдамалы қызметкерге түсетін жүктеме жеке кәсіпкермен салыстырғанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен салыстырғанда 9 есе жоғары.

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 18:41