Қазақстанда оқушыларға сыни ойлау және жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйретпек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев депутат Магеррам Магеррамовтың ChatGPT оқушылардың сыни ойлау қабілетін төмендетеді деген мәлімдемесіне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Мәдиев не болса да, жаңашылдықтан қашпау керегін айтады.
"Әркімнің пікір білдіруге құқығы бар. Цифрлық даму министрлігі жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін үйрететін бірқатар білім беру бастамаларын жасап жатыр, осыны мектептен бастап қамтуды қалаймыз. Бұл – 3D модельдеу, бағдарламалау, графикалық дизайн, генеративті жасанды интеллект. Міне, аталған мамандықтар, олардың ішінде шығармашылық, сыни ойлау бар", – деді Мәдиев Astana Hub технопаркінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, мамандарды көптеп жетілдіріп, оларды жоғары технологиялы, табысы жоғары салаларға дайындау үшін балаларды мектептен бастап оқыту керек.
"Біз елде білім экономикасын қалыптастыра алатындай етіп, қоғамды интеллектуалды ете аламыз. Бізге кең форматтағы білім беру бастамаларын таңдау керек. Мұндай оқыту түрлері келесі жылдан бастап Халықаралық жасанды интеллект орталығында іске қосылмақ”, – деді министр.
Алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School ашылды. Бұл мектептің ерекшелігі – мұғалімдер жоқ.
“Жоғары сынып оқушылары жобалық әдіс арқылы жұмыс істейді, әртүрлі мәселелерді мұғалімсіз шешеді, бір-бірін оқытады. Біз ЖИ мазмұнын осы мектеп үшін арнайы әзірледік. Бұл мектептерді Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратамыз, сонымен қатар қазақстандық брендпен көршілес елдердің нарығын жаулап, аймаққа шығамыз”, – деді Mәдиев.
Еске салсақ, бұған дейін депутат оқушылардың ChatGPT-ді пайдаланатынын сынға алған еді.