Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға бірінші несиесі мақұлданбайынша келесісін беруге тыйым салынады

Қазақстанда айлық табысы 3 миллион теңгеден асатын жеке тұлғалар 15 пайыз жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледіФото: freepik.com

Енді қаржы ұйымдары клиенттің алғашқы өтінімі қарастырылып біткенше жаңа несие бере алмайды. Бұл жаңа норма "кредиттік шопингке" қарсы бағытталған, яғни адам бірнеше минут ішінде әртүрлі банк мен микроқаржы ұйымдарынан бір уақытта ондаған несие рәсімдейтін жағдайларға тосқауыл қою мақсатында енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжілісте "Қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.

Белгілі болғандай, Қазақстанда бір адамның жаппай несие рәсімдеуін шектеуге бағытталған жаңа тетік енгізіледі. Бұл "кредиттік шопинг" деп аталады.

Бұл мәселе жөнінде Мәжіліс отырысында депутат Самат Нұртаза мәлімдеді. Ол көп азамат несиелік бюро деректері жаңартылғанша бірнеше несиені бірінен соң бірін алып үлгеретінін айтты.

"Деректер базасы бір сағатқа дейін кешігіп жаңартылады. Осы уақыт аралығында адам 10 несие рәсімдеп үлгереді. Біз деректерді несиелік бюроға жылдам жеткізуді ұсынамыз", - деді депутат.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешілгенін мәлімдеді.

"Біз несиелік бюроларға клиенттің өтінімі мақұлданғанын немесе мақұлданбағанын көрсету міндетін енгіздік. Бірінші несие өтінімі бойынша шешім шықпайынша, басқа ұйымдарға жаңа несие беруге тыйым салынады", - деді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, бұған дейін мұндай талап болмаған, сондықтан банктер клиенттің басқа жерден несие алып жатқанын нақты уақытта көре алмайтын. Енді бұл жаңа тетік "кредиттік шопинг" тәжірибесін толықтай тоқтатып, қазақстандықтардың шамадан тыс қарыздану деңгейін төмендетуге тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотекалық және тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме өзгеретіні хабарланды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 14:57
Талқылау