Қазақстанда мобильді аударымдардың ережелері өзгерді
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда мобильді аударымдардың ережелері өзгерді. Енді егер клиент телефон арқылы сөйлесіп тұрса, банк аударымды блоктауға міндетті. Бұл шара телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күрес мақсатында енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талаптарды бекітті.
Жаңа қаулыға сәйкес, телефонмен сөйлесу кезінде ақша аударуға тыйым салынады.
Егер клиент аударым жасап жатқан сәтте телефон микрофоны белсенді болса, банк қосымшасы операцияны автоматты түрде бұғаттайды. Егер жүйе құрылғының қашықтан басқару белгілерін анықтаса, қосымша кейбір функцияларды немесе барлық қаржылық операцияларды уақытша өшіреді.
Банктер және микроқаржы ұйымдары енді:
• жаңа құрылғыдан кірген кезде биометриялық сәйкестендіру жүргізуге (Деректер алмасу орталығы немесе банк құрылғылары арқылы расталған деректермен);
• клиентке әрбір кіру, құпиясөзді өзгерту, телефон нөмірін жаңарту туралы хабарлама жіберуге;
• клиенттің келісімімен геолокация деректерін ақша операциялары кезінде жіберуге;
• жүйеде қауіпсіздіктің осал тұстары анықталса, қосымшаны мәжбүрлі түрде жаңартуға;
• әр үш жыл сайын ISO/IEC 27001 стандарты бойынша сыртқы аудиттен және тәуелсіз киберқауіпсіздік тестінен (penetration testing) өтуге міндеттейді.
Қаулы сондай-ақ банктер мен реттеуші орган арасындағы киберинциденттер туралы ақпарат алмасу жүйесін енгізуді көздейді. Бұл шабуылдарға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
Құжат алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты негізгі талаптар 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап қолданысқа енгізілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында ұлттық антифрод-орталықтың (алаяқтыққа қарсы орталық) жұмысы және неге кей азаматтардың шоттары уақытша бұғатталатыны туралы айтты.
Оның айтуынша, антифрод-орталық өткен жылы азаматтардың атына заңсыз ақша аударымдары мен несиелерді рәсімдеу жағдайларын болдырмау үшін құрылған. Қазір бұл жүйеге 200-ден астам қаржы ұйымы, сондай-ақ құқық қорғау органдары, телеком-операторлар және Ұлттық банк қосылған.
"Жүйенің барлық қатысушылары нақты уақытта ақпаратпен алмаса алады. Соның арқасында дропперлердің (өз шоттарын алаяқтарға пайдалануға беретін адамдардың) есепшоттарына ақша аударымдарын тоқтатуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды", - деді Әбілқасымова.
Егер антифрод-орталық күмәнді аударымды анықтаса, банк операцияны уақытша тоқтатуға міндетті. Егер ол бұл талапты орындамаса, жауапкершілік қаржы ұйымының өзіне жүктеледі, яғни, банк клиентке ұрланған қаражатты қайтаруға міндетті немесе заңсыз рәсімделген несиені есептен шығаруға тиіс.
Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстанда алғаш рет дропперлер тізімі жасалды. Бұл өз шоттарын ұрланған ақшаны айналымға шығаруға пайдалануға берген адамдар.
"Біз антифрод-орталыққа операцияларды бес күнге дейін бұғаттау құқығын бердік. Осы уақыт ішінде оның заңдылығы тексеріледі. Егер күдік расталмаса, шот қайта ашылады, ал клиент өз қаражатын еркін пайдалана алады. Егер операцияның алаяқтық екені дәлелденсе, адам тергеу аяқталғанша "сұр тізімге" енгізіледі. Ал кінәсі толық дәлелденсе, "қара тізімге" енгізіледі",- дейді агенттік басшысы.