Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны көтерілмек

Фото: shutterstock.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көлік иелеріне арналған міндетті сақтандыру тарифтерін есептеу әдісін өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өзгеріс енгізілсе сақтандыру бағасы сақтандыру жағдайларының қаншалықты жиі және қаншалықты ауыр болуына байланысты белгіленбек.

Агенттік сақтандыру саласындағы 2026 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтары туралы құжатында автокөлік иелерінің сақтандыру сыйақыларының деңгейі төмен екенін атап өтті.

Айта кетейік, сақтандыру сыйақысы – бұл тұтынушының сақтандыру компаниясына төлейтін ақшасының мөлшері. Қазір автокөлік иелерінің міндетті сақтандыруы бойынша орташа сыйақы 22,1 мың теңгені құрайды. Ал жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген зиян үшін төленетін сақтандыру төлемінің ең жоғары мөлшері 2,6 миллион теңгеге тең.

Соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының саны да, апаттан зардап шеккен көліктерді жөндеу құны да артқан. Агенттік пікірінше, бұл сақтандыру ұйымдарына қосымша жүктеме түсіреді.


Қазақстанда такси жүргізушілері жолаушыларға сақтандыру сатып алуға міндеттелді

Қазақстандықтар енді табиғи апаттан үйін өздері сақтандыруға міндетті: Заңда не айтылған


Осы мәселені шешу үшін агенттік автокөлік иелерін міндетті сақтандыру тарифтерін есептеу әдісін өзгертуді ұсынды.

Ұсынысқа сәйкес, тәуекелге негізделген жаңа есептеу тәсіліне көшу жоспарлануда. Бұл жағдайда сақтандыру тарифтері сақтандыру жағдайларының жиілігі мен ауырлығына, көлік иелерінің жеке ерекшеліктеріне және көліктің өз сипаттамаларына, сондай-ақ жекелеген өңірлердегі жол апаттарының деңгейіне байланысты белгіленетін болады.

“Сақтандыру ұйымдарының Бірыңғай сақтандыру деректер базасындағы ақпараттар негізінде автокөлік иелеріне скоринг жүргізу өкілеттігін кеңейту мәселесі қарастырылуда. Скоринг модельдерін қолдану әрбір сақтанушының тәуекелін дәлірек бағалауға, жол қозғалысына қатысушыларды жауаптылыққа ынталандыруға, сондай-ақ тәуекелі жоғары және тәуекелі төмен автокөлік иелері санаттары арасындағы өзара субсидиялауды шектеуге мүмкіндік береді”, – делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, бұл шаралар сақтандыру ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын арттырып, міндетті автосақтандыру жүйесінің жұмысын жақсартпақ. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді жол апатынан кейінгі шығынды бағалауды тәуелсіз мамандарға беру ұсынылған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 23:07