Қазақстанда 1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекіту ұсынылды
Фото: depositphotos.com
Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжан 1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекітуды ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мереке ретінде бекітуді ұсынады.
“Мемлекет басшысы қазақстандық жас ұрпақты дамыту мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Қазіргі таңда Қазақстан адами капиталды дамыту мен жаңа буынды лайықты тәрбиелеуге басымдық беріп отыр. Балаларды қорғау күнін мемлекеттік деңгейде атап өту осы басымдықтардың қоғамдық санада бекітілуіне ықпал ете алады. Балалар – елдің стратегиялық ресурсы әрі болашағының негізі. Олардың қауіпсіз, дені сау және жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болуы тиіс. Осы тұрғыда Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу ерекше маңызға ие. Аталған шараны енгізу арқылы Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік күн тәртібінде айқындай аламыз. Ата-аналардың балаларымен көбірек уақыт өткізу мүмкіндігі арқылы отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайтып, балалардың құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі мәселелеріне қоғам назарын арттыруға болады”, – дейді депутат.
Қазақстандық 1-сынып оқушылары қысқы демалыста қосымша 7 күн демалады
Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы. Алайда, депутат мұндай шешімнің өте кеш қабылданатынын алға тартып, осы мәселе бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты. Мысалы, 2025 жылғы 5 қаңтар жексенбідегі демалыс күнін 2025 жылғы 3 қаңтар жұма күніне ауыстыру туралы бұйрық 2024 жылғы 21 қарашада (тиісті демалыс күніне 43 күн қалғанда) немесе 2024 жылғы 4 мамырдағы сенбі күнгі демалысты 2024 жылғы 8 мамыр, сәрсенбіге ауыстыру туралы бұйрық 2024 жылғы 17 сәуірде (17 күн бұрын) қабылданған.
“Демалыс күндерін ауыстыру туралы шешімдердің демалыс күніне 2 апта немесе 1,5 ай қалғанда қабылдануы экономикалық қызмет субъектілері үшін белгілі бір дәрежеде қолайсыздық тудырады деп есептейміз. Альтернатива ретінде демалыс күндерін ауыстыру туралы шешімдерді алдағы екі күнтізбелік жылға алдын ала қабылдауды ұсынамыз. Мәселен, 2025 жылы 2025 жылғы 1 қаңтар мен 2027 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге арналған демалыс күндерін ауыстыру туралы шешім қабылдау ұсынылады. Мұндай шешімді алдын ала қабылдау отандық кәсіпорындарға жұмыс күндері күнтізбесін негізге ала отырып, өндірістік және іскерлік үдерістерді орта және ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары да өздерінің еңбек демалысын немесе отбасылық іс-шараларын алдын ала жоспарлай алады”, – дейді Кенжегүл Сейтжан.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандықтар Құрбан айт мерекесіне орай қанша күн демалатынын жазғанбыз.

1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
