Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік мүліктің маркетплейсі іске қосылады

Фото: pexels.com

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік мүліктің Tapsyru атты маркетплейсі іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әсет Турысовтың айтуынша, бүгінгі таңда тиісті бұйрыққа қол қойылып, маркетплейсті іске қосу үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қабылданған.

"Мүлікті  тапсыру процесі бұрын қағаз түрінде жүргізілетін. Бұл рәсім шамадан тыс бюрократияланған әрі күрделі болатын, әсіресе коммуналдық және республикалық меншік деңгейлері арасында мүлік беру кезінде жағдай қиын. Tapsyru порталы мүлікті бір мемлекеттік органнан екіншісіне электрондық түрде беруге мүмкіндік береді", - деді вице-министр.

Оның айтуынша, портал 23,9 мың мемлекеттік ұйымға қолжетімді, 20 миллионға жуық нысан мүлкін бере алады.

"Егер бір мемлекеттік органда артық мүлік болса, ал екіншісіне сол мүлік қажет болса, жаңа мүлік сатып алмай, оны электронды жүйе арқылы  рұқсат алып, пайдалана алады. Қосымша бюджет қаражаты бөлінбейді. Осылайша, мемлекеттік мүлік әлдеқайда тиімді пайдаланылады", - деп түсіндірді Тұрысов.

Ол сондай-ақ мемлекет меншігінде өте көп мүлік бар екенін айтты.

"Бұған дейін мемлекеттік органдар бір-бірінің мүлкін көрмейтін. Яғни, қажетті болса да, ол туралы білмейтін. Енді бюджет жоспарлау кезінде, егер қандай да бір ғимарат керек болса, жаңасын сатып алмай бар мүлікті пайдалануға болады. Мысалы, бұған дейін көлік керек болса, мемлекеттік органдар бюджеттік өтінім беріп, ақша сұрайтын. Ал қазір олар осы маркетплейске кіріп, басқа органда аукционға қойылған көлік бар болса, сол мүлікті өз балансына электронды түрде тіркей алады. Немесе, мысалы, бір мемлекеттік органда пайдаланылмай тұрған компьютерлер бар делік. Жаңа компьютер сатып алмай, оларды осы портал арқылы тез әрі бюджет шығынынсыз алуға болады. Барлығы ашық және тиімді жүргізіледі", - деді ол.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 16:51
Талқылау