Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі қандай екені белгілі болды

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардағы әйелдер туралы ақпарат жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock.com

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардың 39%-ын әйелдер атқарады. 

Қазір парламентте 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-ы, ал мәслихаттардағы әйелдердің үлесі – 22,7%-ға (3 415 депутаттың 774-і) жеткен.

“Мемлекеттің 21 министрлігінде, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінде 3 әйел министр, 8 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. Ел бойынша судья әйелдердің жалпы саны – 1 248 адам (53%)”, – делінген министрлік хабарламасында. 

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға (84 482 мемлекеттік қызметкердің 47 158-і әйелдер) жеткен. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1% (23 947 басшының 9 363-і).

Ал шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48%-ға жетті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсетіні туралы жазған едік. 

Талқылау