Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда медбикелерге науқастарды қабылдап, диагноз қоюға рұқсат берілді

МедбикеФото: unsplash.com

Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының директоры Айгүл Қасымова 23 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда медбикелер қызметі кеңейтілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айгүл Қасымова дәрігерлердің қызметін мейірбикелерге табыстау аясында мейірбикелер көрсете алатын қызмет тізімі кеңейтілгенін атап өтті.

"Бұл – жүктемені қайта бөлу ғана емес, денсаулық сақтау жүйесіндегі медбике рөлінің жаңа деңгейі", – дейді Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының директоры.

Енді пациенттер медбикеге дәрігердің көмекшісі ретінде ғана емес, сонымен қатар қабылдауды жүргізетін толыққанды маман ретінде де жүгіне алады. Қабылдауда әлеуметтік және психологиялық тәуекелдерге сауалнама және сәйкестендіру іске асырылады. Одан әрі науқасты объективті тексеру жүргізіледі: тамырдың соғуы, қысымы, тыныс алу жиілігі тексеріліп, антропометрия жүргізіледі, терінің, шырышты қабаттың жай-күйіне баға беріледі.

"Осыдан кейін медбике мейірбикелік диагноз қояды, жіктеуішке сәйкес мейірбикелік іс-шараларды жүргізеді, мәлімдемелер жасайды, сондай-ақ егер бұрын дәрігер тағайындаған тегін рецептілер жазады, динамикалық бақылау жоспары бойынша ұсыныстар береді. Осылайша пациенттің маршруты оңтайландырылады", – дейді Айгүл Қасымова.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бейінді мамандарға өздігінен жазылу мүмкіндігі іске асырылды, қабылдаулар жоспар бойынша, тірі кезек емес тәртіппен іске асырылып жатыр. Кеңестік-диагностикалық қызметтер, әсіресе жоспарлы ауруханаға жатқызу алдындағы тексерулер оңтайландырылған.

Тағы бір жаңалық – клиникалық-диагностикалық қызмет нәтижелерінің жоспарлы емханаға жатқызылғанға дейінгі жарамдылық мерзімі 10 күннен 1-3 айға дейін ұзартылды, бұл қайталама тексерулер санын азайтуға мүмкіндік берген.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 16:53
Талқылау