Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда машина жасау саласына бірыңғай кәсіби стандарттар енгізіледі

Қазақстанда машина жасау саласында бірыңғай кәсіби стандарттар әзірленеді. Бұл шешім Қостанайда өткен "Кәсіби стандарттар және Индустрия 4.0. Болашақ еңбегінің архитектурасы" атты стратегиялық сессия аясында белгілі болды. Бұл туралы қазақстандық Allur автокөлік компаниясы мен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ өзара ынтымақтастық туралы қол қойған меморандумда көрсетілген.

Меморандум машина жасау саласына бірыңғай кәсіби стандарттарды енгізуге ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілердің нақты сұранысына негізделген білім беру циклын құруға бағытталған.

Allur компаниясының адами капитал және ғылым мәселелері жөніндегі кеңесшісі Айгүл Ахметова:

"Біз кадр даярлау жауапкершілігін тек білім беру жүйесіне жүктемейміз. Біз кәсіби стандарттарды бірге жасап, мамандарды өндірістің нақты қажетіне сүйене отырып дайындаймыз. Осылай ғана біз саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз", — деді.

Білім мен өндіріс: біртұтас кеңістік қалыптастыру

Сессияға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ, Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдары, Qaztehna және Qarmet техникалық университеттері, сарапшылар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту бойынша негізгі қадамдарды белгіледі. Олардың қатарында — жаңа кәсіби стандарттарды енгізу, білім беру бағдарламаларын жаңарту, дуалды оқытуды дамыту және сертификаттау жүйесін жетілдіру бар. Басты мақсат – білім беру жүйесі мен өнеркәсіп арасында тиімді өзара іс-қимыл моделін құру.

"Білім беру жүйесі икемді болуы және еңбек нарығының сұраныстарына уақытылы жауап беруі қажет. Дуалды оқытуды дамыту – осы бағыттағы маңызды қадам", — деп атап өтті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ вице-президенті және Ұлттық біліктілік жүйесі органының басшысы Ерасыл Жұманбаев.

Мансапта өсуге арналған цифрлық құралдар

Сессия аясында пайдаланушыларға кәсіби бағдардан бастап, сертификаттау мен дағдыларды дамытуға дейінгі жеке мансап жолын құруға мүмкіндік беретін Career.kz цифрлық платформасы таныстырылды.

Сонымен қатар қатысушылар Allur зауытына және "АгромашХолдинг KZ" АҚ өндірістік алаңдарына барып, цифрлық технологиялардың нақты өндіріс процесіне қалай еніп жатқанымен танысты.

Сессия қорытындысы ретінде ұлттық кадр даярлау жүйесін цифрлық трансформация талаптарына бейімдеу және болашақтың тұрақты еңбек нарығын қалыптастыру бойынша нақты іс-қимыл жоспары қабылданды.

Талқылау