Қазақстанда құжаты дайын емес тұрғын үйді жарнамалаған блогер айыппұл арқаламақ
Астанада 50-ден астам құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалып, 7 мыңнан астам үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Мұндай жағдай Қазақстанның әр өңірінде жиілегендіктен мәжіліс депутаттары құрылыс компанияларына қатысты талапты күшейтетін заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Елордадағы коттедж қалашығына үлескер болған Жанар Нуртдинова жаңа қонысының кілтін ала алмай жүргеніне 1 жылдай уақыт болды. Айтуынша, құрылыс компаниясы туралы әлеуметтік желідегі жарнамадан білген. Жарнамаға сеніп пәтері мен көлігін сатып, 50 млн теңгесін таунхаус құрылысына салған. Алайда бір жыл бойы ешқандай құрылыс жүргізілмеген. Ал компания үлескерлерді құр уәдемен тойдырып келеді.
Жаңа заң жобасына сай, енді үлескерлер салынып бітпеген құрылысқа ақша салып, алдын ала сатып ала алмайды. Қаржылық операция енді тек банктер арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ халықтан ақша жинауға рұқсаты жоқ құрылыс компаниясының шотына қаржы аударған банк те әкімшілік жауапқа тартылады. Заң бұзғандар 7 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бастаған бір топ депутат ертең бірінші оқылымда осы құжатты ұсынбақ.
“Бұрындары құрылыс компаниясы келеді, құжаты дайын болса да, болмаса да, қазаншұңқыр қазғаннан бастап үлескерлер тарта бастайды. Неше түрлі келісім шарт жасайды. Қарыз алу мәмілесі, брондау, инвестиция мәмілесі дейді. Енді оның бірде-бірі болмайды. Тек үлескердің қатысуы деген бір түйір келісімшарт болады. Егер жосықсыз жасаса, ол жауапқа тартылады. Біз Азаматтық кодекстің ең жоғарғы 2000 АЕК көлемінде айыппұл тағайындадық”, – дейді парламенті мәжілісінің депутат Самат Мұсабаев.
Сондай-ақ құжаты дайын емес баспананы жарнамалайтын блогерлер де 7 миллион теңге айыппұл арқаламақ. Мысалы, заңсыз үш жарнама жарияланса, айыппұл көлемі 22 миллион теңгеге жуықтайды. Үлескермен жасалатын барлық келісімшарт арнайы тұғырнамаға енгізіліп, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" арқылы тіркеледі.
“Мемлекеттің, ТЖК-ның, болмаса, екінші деңгейлі банктердің талабын жұмсақтау қылып жатырмыз. Өйткені бұрын тек ірі компаниялар рұқсат алып, жұмыста бастайды, котлован қазады, үлескерді тартады. Ал ортаңқол компаниялар олай жасай алмайды да, заңсыздыққа барады деп тәжірибелерін 18 жылдан 9 жылға, өңірлерде 9 жылдан 5 жылға, 3 жылдан 2 жылға азайтып, осындай шаруалар заңда көрсетіліп жатыр”, – дейді депутат.
Астанада құрылысы бітпеген тұрғын үйлерді аяқтап, үлескерлерге пайдалануға беру мақсатында бюджеттен осы күнге дейін жалпы 214 млрд теңге бөлінген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директорының орынбасары Ерлан Құлышевтің айтуынша, “Қазақстан тұрғын үй компаниясының" алаңы негізінде үлескерлерді қолдау орталығы ашылады.
“Бүкіл ел аумағында бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейді. Онда қызметкерлер халыққа баспананы сатып алу кезінде қаржылық сауат пен сақтық шараларын сақтау бойынша кеңес береді. Құрылысқа рұқсаты мен кепілдігі бар компаниялардың тізімін ұсынады”, – дейді ол.
Сарапшылар "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" ұсынған деректерге сәйкес, елімізде рұқсатсыз және кепілдіксіз салынып жатқан 115 құрылыс ел экономикасына қосымша ауыртпалық әкеледі дейді.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
