Қазақстанда құрылысы аяқталмаған тұрғын үйдегі пәтерді брондауға тыйым салынады
Елімізде үлескерлерден алдын ала ақша алып, кейін құрылысты аяқсыз қалдыратын компаниялар қатарын азайту үшін салынып бітпеген тұрғын үйден пәтерді брондауға тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баспананы алдын ала брондауға тыйым салу қарастырылып жатыр. Сонымен қатар компанияларына құрылыс бітпей жарнама жасауға да рұқсат жоқ. Бұл жаңашылдық үлескерлердің құқығы мен мүдделерін қорғауға бағытталып отыр.
Алайда бұл саладағы сарапшылар аталмыш бастаманы құптамайды. Айтуынша, егер бұл заң күшіне енсе, қазақстандықтардың баспана алуы қиындай түседі.
“Үйі жоқтар тым болмаса 1-2 миллион ақшасы болса, соны сенімді компанияларға салып, үй біткен соң әрі қарай ипотека рәсімдеуге дейін жағдайларын түзеп, қалған ақшасын жинап алады. Оны алып тастаса, өзі үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға мүлдем қиын болады ғой. Көбіне құрылыс комапаниялары 30-50 пайыз ақша сұрап жатады. Маман ретінде айтсам, біздің халықтың 70 пайызында ондай ақша жоқ”, – дейді Ажар Молдан.
Сарапшы пәтерді алдын ала брондап, құрылыс компанияларына алданып қалған адамдардың көптігін де ескерді. Сондықтан баспанаға ақша саламын деп жүрген жандарға ол компанияның сенімді екеніне көз жеткізіп барып брондауға кеңес берді.
Айта кетейік, жаңа түзетулерде құрылыс мерзімін көрсетілген уақыттан 5 айға дейін ұзарту көзделген. Әзірге заң жобасы пысықталып жатыр.
Бұған дейін Алматыда 200-ге жуық отбасы элиталық тұрғын үйдегі пәтерлеріне кіре алмай жүргені туралы жазған едік.