Қазақстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері шындық детекторынан өтеді
Қазақстанның Бас прокуратурасы құқық қорғау органдарында, азаматтық қорғау органдарында және мемлекеттік фельдъегерлік қызметте полиграфологиялық зерттеу жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Ашық НҚА сайтында жарияланған қаулыға сәйкес, аттестаттау, жоспардан тыс аттестаттау немесе жоғары тұрған басшы лауазымға конкурс шеңберінде құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
Полиграфологиялық зерттеу мынаны анықтау үшін жүргізіледі:
- Құқық қорғау органдарында қызметте болудың жасырын теріс себептерін (тыйым салынған қоғамдық бірлестіктер қызметінің, қылмыстық және террористік ұйымдар мүдделеріне және басқалары);
- Есірткі, психотроптық, психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психоактивті заттарды тұтынуын;
- Құқық қорғау органдарында, азаматтық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде қызметін толыққанды өткеруге кедергі келтіретін жасырын сырқаттарын, өз-өзіне қол жұмсауға бейімдігін;
- Табысы туралы, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері, қос азаматтығының бар екендігі туралы мәліметтерді жасыруын немесе бұрмалауын;
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының, бөгде адамдарға құпия немесе қызметтік ақпарат беруінің фактілерін;
- Қылмыстық, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылу фактілерін;
- Егер бұл бұрын олардың қызметтік міндеттемелеріне кірмеген болса, тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен қатынас жасауын немесе коммерциялық құрылымдарға қатысуын;
- Қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілерін анықтау үшін.
Полиграфологиялық зерттеудің жарамдылық мерзімі
Сондай-ақ полиграфологиялық зерттеу нәтижелерінің жарамдылық мерзімін белгілеу ұсынылды. Құқық қорғау органдарындағы қызметке кандидаттар үшін полиграфологиялық зерттеу нәтижелерінің жарамдылық мерзімі 1 жыл, ал жоғары тұрған басшылық лауазымдарға көтерілу кезінде тексеруден өтетін қазіргі қызметкерлер үшін – 3 жыл.
“Зерттеу барысында алынған ақпарат ықтималдық, ұсынымдық сипатта болады, сондай-ақ қосалқы мәнге ие және оларды кадр бөлімшелерінің қызметкерлері, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары, аттестаттау және конкурстық комиссиялар, өзіндік қауіпсіздік қызметтері құқық қорғау органдарына, азаматтық қорғау органдарына, мемлекеттік фельдегерлік қызметіне қызметке (құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға) қабылдау, аттестаттаудан, конкурстан өту және қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы мәселені шешкенде пайдаланады”, – делінген қаулыда.
Құжат 14 ақпанға дейін қоғамда ашық талқыланады.