Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коронавирустың өршуіне байланысты бетперде режимі қайтарыла ма – Вице-министр жауап берді

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда коронавирус жағдайына байланысты бетперде режимі қайта орала ма деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: yandex.ru

Бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы бұған дейін Covid пен тұмаудың алдын алу туралы қаулыға қол қойған еді. Осы орайда журналистер, вице-министрден елімізде бетперде режимін енгізу жоспарда бар-жоғын сұрады. 

Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда коронавирустық жағдай тұрақты екенін айтты. 

"Жаппай бетперде режимін енгізу жоспарланып отырған жоқ. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы аясында маска режимі тек медициналық ұйымдарға ғана арналған. Сондай-ақ басқа да келушілер мен емделушілерге айтылған ұсыныс. Ал өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 8 есеге азайды. Бірақ әлемде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, дер кезінде қауіптің алдын алу және әрекет ету үшін бас санитарлық дәрігердің қаулысын бекіту туралы шешім қабылданды", – деді вице-министр.

Вице-министр жыл басынан бері елде коронавирустың ауыр жағдайы тіркелмегенін жеткізді.

"Біздің ендігі міндетіміз – денсаулық сақтау жүйесін мүмкіндігінше дайындау. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда денсаулық сақтау жүйесі дайын болуы үшін жедел медициналық көмекті әзірлеу", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы коронавирус жағдайына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ведомствоның мәліметінше, биыл жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 1290 жағдайы тіркелген. Көп жағдайда ауру жеңіл өтеді дейді. 

Талқылау