Қазақстанда бензинді жеткізбей құйып, қулыққа баратын жанармай бекеттері көбейген
Қазақстанда бензинді жеткізбей құйып, қулыққа баратын жанармай бекеттері бар. Сондықтан көлік иелері үнемі мұқият болуы керек. Ал отын толық толтырылмаған жағдайда "Е-өтініш" порталы арқылы кәсіпкердің үстінен шағым түсіруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Петропавл тұрғындары кейінгі кезде жанармай бекеттері жиі алдайтынын растап отыр. Бірақ көбі уақыт жоғалтпас үшін заңсыздыққа көз жұма қарайды екен.
“Мен сондай жағдайға кезіктім. Бірақ 100-200 теңгеге бола шу шығарғым келмеді. Қаланың шетіндегі жанармай құю бекетінде кемітіп құяды деп естігенмін”, – дейді тұрғын.
Техникалық реттеу және метрология комитетіне осындай келеңсіз жайтқа тап болған өзге өңірдің жүргізушілерінен шағым көп түсе бастаған. Ал мамандар станциялардың амалын тауып, 1-2 литрді үнемдеп қалуы заңсыздық дейді.
Оған қоса, қаптаған бекеттердің кейбірінде отын тарататын колонкалар талапқа сай емес. Сондықтан жүргізушілерді бұған бейжай қарамауға үндейді.
“Егер бензиннің дұрыс құйылмауы жөнінде фактілер анықталса, бізде "өлшем бірлікті қамтамасыз ету туралы" заңның 19-бабы бұзылған болып есептеледі. Әкімшілік хаттама толтырады. Жалпы бұл бензиннің дұрыс құйылмауы неден болады? Себебі бізде отын тарату колонкалары салыстырып тексеруден міндетті түрде өтуі керек. Егер салыстырып тексеруден өтпеcе, осындай қателер жиі болады”, – деді техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің бас маман Асқарбек Базарбаев.
Сарапшылар алаяқтық жасалғанын дәлелдесеңіз жанармай құю бекетінің басшысынан өтемақы талап етуге де болады дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Талдықорғандағы Qazaq Oil жанармай құю бекеттерінде бензин қымбаттаған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған