Қазақстанда көлік бағасы күрт қымбаттады
Елімізде көлік бағасы күрт қымбаттады. Ескі көліктердің құны әу бастан аспандап тұрғаны белгілі. Ал жаңа жылға аяқ басқалы автосалондардағы көліктер құны 10-15% көтерілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі АIBAT жаңалықтарына сілтеме жасап.
Бақытжан Қанапия зейнетке шыққаннан кейін жаңа көлік аламын деп ойлаған. Алайда көлік қымбаттап кеткен. Тіпті ескі көлік алып, автонесие рәсімдеуге зейнетақысы жетпей тұр.
“Қазір көлік ала алмай жатырмын. Жүргізуші куәлігім бар, бірақ көлік ала алмаймын. Бізге өз бетімізбен көлік шығару қажет. Мысалы Өзбекстанның өз көлігі бар”, – дейді Бақытжан Қанапия.
“Көлік қымбаттап жатыр”, “Бұны кім шешетінін білмеймін, бірақ бағаның өсуі дұрыс емес”, “Көлік пәтер емес”, “Грузия мен Арменияда көліктердің бағасы төмен”, – дейді тұрғындар.
Мамандардың айтуынша, елде көлік бағасының өсуіне шетелдік көліктерді заңдастыру талаптарының қатаңдатылуы да себеп болған. Соңғы жеті жылда көлік бағасы 400 есеге өсіпті. Пандемия да темір тұлпарлардың бағасының көтерілуіне өз әсерін тигізген
“Шетелдік көліктерді рәсімдеу және шетелдік көліктерге сақтандыру бермеу мәселесі әсер етуі мүмкін. Бұдан былай елімізде жүрілген көліктердің де бағасы қымбаттай бастайды. Өйткені Қазақстанға енді шетелден көлік кірмейді”, –дейді сарапшы Диас Нұрақын.
Автосалон иелері де отандық көліктердің қымбаттағанын растап отыр. Алайда оған біз емес, машина бөлшектерін сырттан жеткізетіндер кінәлі дейді.
“Автокөлік бағасының қымбаттауына ең алдымен жаңа модель әсер етті. Сондай-ақ күнде түрленіп жатқан техникалық мүмкіндіктер. Ең бастысы халықаралық логистика қызметі қымбаттады”, – дейді автокөлік салонының даму жөніндегі директоры Александр Абрамов.