Қазақстанда 5 өңір су тасқыны қаупі жоғары аймақ қатарына кірді

Қазақстанның бірнеше өңірінде көктемгі су тасқыны қаупі бар. "Қазгидромет" жариялаған алдын ала болжамға сәйкес, алдағы жылыну қардың жедел еруіне әкеліп, бірқатар облыстарда су басу қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамандар су тасқыны қаупін бағалау барысында күзгі-қысқы кезеңде түскен жауын-шашын көлемін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ ақпан және наурыз айларына арналған ауа райы болжамдарын ескерген.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы жылыну қардың тез еруіне себеп болып, су басу қаупін арттыруы мүмкін. Бақылаудан соң кейбір биік таулы аудандарда жауын-шашын мөлшері 150 миллиметрден асқаны анықталған. Осы аумақтарда ылғалдың шамадан тыс жиналғанын көрсетеді.
Ал басқа өңірлерде жауын-шашын көлемі нормадан төмен, яғни 25 миллиметрден аз болған. Топырақтың қату тереңдігі жекелеген аймақтарда 127-160 сантиметрге дейін жетсе, өзге өңірлерде 128-140 сантиметр аралығында тіркелген. Осы деректерге сене отырып, ел аумағы су тасқыны қаупінің деңгейіне қарай үш топқа бөлінді.
Жоғары қауіп аймағы:
- Ақмола облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Қарағанды облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
- Абай облысы
Орташа қауіп аймағы:
- Қостанай облысы
- Павлодар облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Ақтөбе облысы
- Түркістан облысы
- Алматы облысы
- Ұлытау облысы
- Жетісу облысы
Төмен қауіп аймағы:
- Атырау облысы
- Маңғыстау облысы
- Қызылорда облысы
- Жамбыл облысы
"Қазгидромет" өкілдері болжамның алдын ала жасалғанын атап өтті. Нақты деректер көктемге жақын, қардың еру қарқыны мен өзендердегі гидрологиялық жағдай нақтыланған соң жарияланбақ.
- Мароккода 7 жылға созылған құрғақшылықтан кейін алапат су тасқыны болды: 20 мың адам эвакуацияланды
- Түркістан облысында Шөкеевтің кезінде 9 млрд теңге бөлінген жағажайға тағы 5 миллион доллар жұмсалмақ
Еске салайық, былтыр 15 наурыз күні Батыс Қазақстан облысындағы Шідерті өзені көтеріліп, уақытша көпір мен жолдарды шайып кетті. Салдарынан үш бірдей ауылдың тұрғындары ауданға қатынаудан қалды. Еріген қар суы Сырым ауданы Аралтөбе ауылының маңындағы Жымпиты-Ақсай тас жолында орналасқан уақытша көпірді бұзған. Көпірді 2024 жылы негізгі көпірдегі жөндеу жұмыстарына байланысты салған еді. Су көпірдің бетон плиталарын шайып кеткен. Қазір көпір арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр