Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кімдер табыс пен мүлік туралы декларация тапсыруы керек: Қаржы министрлігі жаңа тізімді бекітті

Фото: depositphotos.com

Қаржы министрлігі кіріс пен мүлік туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың тізімін бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігі “жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы” бұйрыққа бірқатар өзгерістер енгізді.

Жаңа ережеге сәйкес, 270.00 нысанындағы декларация жыл сайын, Салық кодексінің 633-бабына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған жылдан кейінгі келесі жылдан бастап, есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша тапсырылады.

Қазақстан азаматтары мен резиденттері келесі жағдайларда декларация тапсыруға міндетті:

-  "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;

- инвестициялық портфельді басқаратын банктің, сақтандыру ұйымының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;

- жарғылық капиталындағы үлестің (акционерлік қоғам акцияларының) 10%-дан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары (коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын қоспағанда);

- жеке практикамен айналысатын адамдар (мысалы: нотариустар, адвокаттар және т.б);

- кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді қоспағанда, есепті салықтық кезеңде жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірісті алған жеке тұлғалар;

- шетелдік банктердің банк шоттарында жиынтығында 1 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар адамдар;

- шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі бар адамдар;

- цифрлық активтері бар адамдар (мысалы: криптовалюта);

жыл ішінде Қазақстанда немесе шетелде 20 000 АЕК-тен (2025 жылы 78,6 миллион теңге) асатын мүлік сатып алған адамдар. Атап айтқанда: жылжымайтын мүлік, автокөліктер мен тіркемелер, компаниялардың жарғылық капиталына қатысу үлестері, бағалы қағаздар, туынды қаржылық құралдар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері, инвестициялық алтын.

Құжат биылғы жылдың қарашасында күшіне енеді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 30 Қазан, 2025 20:41
Талқылау