Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?

Қазақстандық киіз үй жасап жүрген шеберлердің айтуынша, ұлттық баспанаға сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Бірі заманауи материалмен 2 күнде дайын болатын, жарты сағатта тігіле салатын жеңіл киіз үйлерді ұсынса, енді бірі 5-6 ай уақыт кететін дәстүрлі ағаш құрылымды сақтауды жөн көреді. Бағасы да әртүрлі. Қарапайым үлгілері 200 мың теңгеден басталса, қол еңбегі басым ағаш киіз үйлер 1,8 миллион теңгеге дейін барады. Сонда бір киіз үйді жасауға нақты қанша уақыт кетеді? Қазір оған кімдер тапсырыс береді? Stan.kz тілшісі толығырақ зерттеп көрді.
"Темірден жасалған киіз үйлер 200 мың теңгеден басталады"
Алматы облысында киіз үй жасаумен айналысып жүрген ұста Ерлан бұл кәсіпті 7 жылдан астам уақыт бойы дамытып келеді. Оның айтуынша, ұлттық мұраға деген қызығушылық соңғы жылдары айтарлықтай артқан.
"Бір киіз үйді дайындау уақыты тапсырыс көлемі мен күрделілігіне байланысты өзгергенімен, стандартты үлгілерін 2 күннің ішінде жасап шығаруға болады. Ал оны құрастыру небәрі 30 минут уақыт алады. Шеберханада киіз үйлер 3×3 метрден бастап, 8×8 метрге дейін түрлі өлшемде дайындалады. Киіз үйдің сапасына ерекше мән беріледі. Қазір өндірісте заманауи материалдар қолданылады. Киіз үй бес қабаттан тұрады, соның ішінде брезент, салафан, жылу ұстайтын арнайы материалдар және сыртқы сәндік мата бар. Мұндай құрылым оның жылы әрі су өткізбейтін болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қаңқасы темірден жасалып, жеңіл әрі берік етіп шығарылады", –дейді Ерлан.
Баға мәселесіне келсек, Ерланның айтуынша, темірден жасалған киіз үйлердің құны 200 мың теңгеден басталып, 750 мың теңгеге дейін барады. Баға ең алдымен оның көлеміне және безендірілуіне байланысты анықталады.
"Қазір киіз үйге сұраныс жоғары. Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында тапсырыс саны күрт артады. Жаз айларында да жақсы өтеді. Мысалы, биылғы Наурыздың өзіне 10-нан астам киіз үйге тапсырыс қабылдадық. Ал Алматы облысы, Жетісу облысы, Шығыс Қазақстан және Қостанай өңірлерінде көбіне ағаштан жасалған дәстүрлі киіз үйлер кең таралған", – дейді Ерлан.
Фото: Ерланның жеке архивінен
"40 жылдан бері киіз үйді кәсіп қылып келе жатырмыз"
Асыл мұраны бүгінге жеткізіп, жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі жетісулық Нұрдәулет. Ол 40 жыл бұрын бастау алған отбасылық кәсіпті жалғастырып, киіз үй жасауды өмірінің мәніне айналдырған.
"Біздің отбасылық кәсіптің тарихы тереңде жатыр. 1986 жылдан бері ата кәсіпті жалғастырып, қазақтың қасиетті баспанасы – киіз үйді құрастыру, жалға беру, сату және қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысып келеміз. Осы кәсіпті алғаш бастаған Найманбай Аманжол атамыз. Ол кісі Қазақстанда киіз үй құрастыру кәсібін қайта жандандырып, бізге аманат етіп қалдырды. Бүгінде сол жолды біз, оның ұрпақтары, абыроймен жалғастырып келеміз. 33 жыл ішінде біз 10 250-ден астам киіз үй құрастырдық", – дейді Нұрдәулет.
Нұрдәулеттің айтуынша, 2005 жылы түсірілген "Көшпенділер" киноэпопеясындағы барлық киіз үйлер мен алтыбақандарды жасау бақыты да соларға бұйырған. Сонымен қатар Аманжолар әулеті АҚШ, Франция, Түркия, Ресей сияқты елдерде қазақтың ұлттық болмысын танытып, көрмелер ұйымдастыруға да қатысқан екен.
"Біздің киіз үйлер 6 қанаттан 16 қанатқа дейін дайындалады. Әрбір үй толық жабдықпен беріледі, мысалы, сандық, үстел, көрпеше, жастық, торсық, түлкі терісі, найза, қалқан, домбыраның бәрі де ұлттық нақышта үйлестірілген. Киіз үйдің шамамен 70%-ы қол еңбегімен жасалады. Уық пен кереге арнайы иіліп, табиғи бояумен немесе лакпен өңделеді. Кереге сиыр қайысымен біріктіріліп, берік әрі ұзақ қызмет етуге лайықталады. Ал киізі қыста жылуды сақтап, жазда салқындық береді. Сыртқы жабындысы заманауи полиэтилен материалымен қапталады. Бұл материал суық пен ыстықты өткізбейді, әрі 5 жылға дейін кепілдік беріледі", – дейді Нұрдәулет.
Фото: Нұрдәулет Аманжоловтың жеке архивінен
"Ағаштан жасалғандары 1,5 млн теңгеден басталып, 1,8 млн теңгеге дейін"
Нұрдәулет есіктер сапалы қара ағаштан, шыршадан және тағы басқа берік ағаштардан жасалатынын атап өтті. Шебердің сөзінше, түндік толық немесе жартылай ашылып, киіз үйдің табиғи желдету жүйесі сақталған.
"Біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз демалыс орындары, этноауылдар, мейрамханалар. Сонымен қатар жеке үйлердің ауласына орнатып жататындар да көп. Бүгінде біз шетелдік нарыққа да жұмыс істеп келеміз Аустрия, Грузия, Украина, Түркия елдеріне киіз үйлер жібердік. Қазір жылына орта есеппен 7-ге жуық тапсырыс қабылдаймыз. Мысалы, жуырда Шымкент қаласындағы тапсырыс берушіге 8 қанатты киіз үй орнаттық. Ішкі диаметрі 6 метр, толық жабдықталған. Сырты төрт мезгілге төзімді тентпен қапталған, есігі сапалы ағаштан жасалған", – дейді Нұрдәулет.
Ағаш киіз үйлердің бағасы 1,5 миллион теңгеден басталып, 1,8 миллион теңгеге дейінгі аралықта ұсынылады дейді жетісулық шебер Нұрдәулет. Оның айтуынша, 8 қанатты киіз үй 20-30 адамға, 10 қанаттысы 25-30 адамға арналған. Ал 12 қанатты киіз үй 35-45 адамды, 16 қанаттысы 50-70 адамды сыйдырады.
"Киіз үйді құрудың да өзіндік реті бар"
Ал ұста Жамбыл облысының еңбек пәнінің мұғалімі, ұста Сәкен Искаков ағаш пен темір киіз үйдің айырмашылығы мен ерекшеліктері туралы өз пікірін білдірді.
"Қазір киіз үй жасауда оңай әдістерге көбірек жүгініп, оның қаңқасын темірден дайындап жүргендер бар. Дегенмен, менің ойымша, киіз үй міндетті түрде ағаштан жасалуы керек. Себебі оның табиғи болмысы мен дәстүрлі сипаты ағашпен тығыз байланысты. Бұрын ата-бабаларымыз киіз үйді қайыңнан, тораңғы сияқты жеңіл, бірақ өте берік ағаш түрлерінен жасаған. Ағаштың жас, икемді кезінде алып, оны иіп, арнайы тәсілмен кептірген. Себебі ол үлкен шеберлікті, төзімділікті талап ететін ұзақ процесс. Бұған көп уақыт пен күшті талап етеді. Киіз үйдің қаңқасын толық жасап шығуға шамамен 5-6 ай уақыт кеткен", – дейді Сәкен Искаков.
Сәкен Искаков киіз үйді құрудың да өзіндік реті бар екенін, әуелі, үй тігетін қолайлы жер таңдалатынын айтады.
"Ең алдымен, киіз үйдің кіріп-шығатын бөлігі – сықырлауық. Ол кереге шеңберін тұйықтап, есік қызметін атқарады. Ал негізгі қаңқасы кереге. Оның әр бөлігі желі, еріс, балашық, сағанақ деп бөлініп, қанат санына қарай үй көлемі анықталады. Кереге мен шаңырақты жалғап тұрған – уық. Ол иілгіш талдан жасалып, шаңыраққа сұғынып, керегеге байланады. Ал киіз үйдің жүрегі шаңырақ. Ол бүкіл құрылымды ұстап тұрған күмбез іспетті. Киіз үйді тігу ұжымдық іс. Себебі осы процеске ауыл жастары түгел қатысқан", – дейді Сәкен Искаков.
Фото: turmush.kg
Құрылымның беріктігін қамтамасыз ететін түрлі бау-құрлар бар дейді Сәкен атамыз. Оның сөзінше, таңғыш, бас арқан, шалма, желбау, басқұр бәрі де тек бекіту емес, сәндік қызмет атқарады.
"Киіз үйдің сыртын жабатын жабдықтар – туырлық, үзік, түндік, киіз есік – жылу сақтап, табиғаттың әсерінен қорғайды. Ал ішкі көркі шым ши, өрнекті баулар арқылы әрленеді. Қазақ тұрмысында киіздің орны ерекше. Одан тек үй жаппай, текемет, сырмақ, тұс киіз, аяққап, әбдіреқап сияқты сан түрлі бұйымдар жасалған. Одан кейін туырлық, үзік, түндік және киіз есік жабылады. Алдымен туырлық керегені айналдыра жабылады, оның төменгі жағы жерге сәл тиіп тұруы керек. Кейін уық бойына үзік жабылып, шаңыраққа дейін көтеріледі. Ең соңында түндік жабылып, киіз есік орнатылады. Барлық жабдықтар арнайы баулармен бекітіліп, қажет кезде оңай ашылып-жабылатын етіп жасалады", – деп түсіндірді Сәкен Искаков.
Айта кетейік, ұста Сәкен Искаков киіз үйдің түрлерін де атап өтті.
- Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.
- Ақ шаңқан үй – сүттей аппақ, ең сәнді киіз үй.
- Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын үй.
- Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.
- Жолым үй – уақытша тігілетін, уыққа киіз жабылған шошақ үй.
- Қара құрым үй – киізі тозған, ескі үй.
- Қара үй – киіз үйдің халық арасындағы жалпы атауы.
- Қараша үй – жыртық, тозығы жеткен қарапайым үй.
- Орда – еңселі, салтанатты киіз үй.
- Отау – жас отбасыға арналған киіз үй.
- Тоңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерілген шағын үй.
- Ұраңқай – уық тәрізді ағаштарды түйістіріп тігілген үй.
Ұстаның айтуынша, әр атаудың артында қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен танымы жатыр.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?