Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кейбір шетелдік тауарлар дүкен сөрелерінен алып тасталады

азық-түлікФото: admnvrsk.ru

Қазақстанда жекелеген импорттық азық-түлік тауарларын әкелуге шектеу қою мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, өте арзан шетелдік өнімдер отандық өндірушілерді нарықтан ығыстырып, жергілікті кәсіпорындардың жабылуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құнынан төмен бағамен сатылатын шетелдік тауарлар шектеу қойылмақ. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, мұндай жеткізілімдер демпингтік сипатқа ие және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді.

“Әр позиция бойынша жеке қарап, талдау жасауымыз керек: қай өнім демпингтік бағамен сатылып жатыр. Егер демпинг болып жатса, оны тоқтатуымыз қажет. Өйткені ондай жағдайда өз өндірісіміз шыдамайды: сырттан әкелу көбейе береді, әкелу көбейе береді. Көрші елдер кей жағдайда өнім өндірудің әр кезеңін фермадағы өндірістен бастап тасымалдауға дейін субсидиялап отырады”, – деді Аманғали Бердалин.

Осылайша, тауар Қазақстанға келген кезде оның бағасы отандық өндірушілердің өнімінің өзіндік құнынан да төмен болып шығады. Бұл Қазақстандағы кәсіпорындардың жаппай жабылуына әкелуі мүмкін. Қазір ауыл шаруашылығы және сауда министрліктері ішкі нарықты қалай қорғауға болатынын ойластырып жатыр.

Ал қазақстандық фермерлердің ет өндіру көлемін арттыруын ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі шопандардың балаларына әскерге баруға кейінге қалдыру (мерзімін шегеру) мәселесін енгізуді ұсынды.

“Біз олардың мүлде бармай қоюы керек деп отырған жоқпыз. Біз әскерге баруға уақытша кейінге қалдыру туралы айтып отырмыз. Өйткені Қазақстанда династия болып еңбек етіп, өте жоғары нәтиже көрсетіп жүргендер аз емес. Мысалы, бір адам жүз саулықтан 150 қозы алады. Егер әкеге көмектесетін адам керек болса, әскерге шақыруды уақытша шегеруге мүмкіндік берілсе дейміз”, – деді вице-министр Аманғали Бердалин.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бағаны негізсіз көтергендерге 55 миллион теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 55,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 1 қаңтардан бері Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері әкімдіктермен бірлесіп 600-ден аса сауда нысанын тексеріп, жүздеген дүкенде заңбұзушылық анықтады. Министрлік дерегінше, шекті үстемені асырғаны үшін 2 796 әкімшілік қаулы шығарылып, оның 1 625-іне айыппұл қолданылған. Бағаны бақылау жұмыстарына өңір әкімдері де қатысып, тұрақтандыру қорлары арқылы азық-түлік қорын реттеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 09:09