Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кейбір аурулар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен алынып тасталды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында медициналық сақтандыру жүйесін реформалау, оның аясында 13 аурудың 7-і кепілдендірілген тегін медициналық көмектен міндетті медициналық сақтандыруға көшірілетінін және медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалай құрылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Министр Қазақстандағы медициналық сақтандыру жүйесі әлі нақты сақтандыру үлгісіне ауыспағанын және бюджеттік-сақтандыру үлгісінде, яғни аралас болып қала беретінін атап өтті

“Біз кепілдендірілген пакетке және сақтандыру пакетіне кіретін ауруларды ажырата білуіміз керек. Өйткені екеуі қосылып үлкен ағын пайда болып тұр. Халық үшін, оның ішінде сақтандырылған қазақстандықтар үшін сақтандыру жүйесі айтарлықтай тартымды емес. Жедел медициналық көмекті, санитарлық авиацияны, алты негізгі әлеуметтік маңызы бар ауруды емдеуді, әлеуметтік маңызы бар ауруларды оңалтуды, оларды амбулаторлық-емханалық және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қарастыратын пакет кепілдендірілген пакетте қалады”, – дейді Ақмарал Әлназараова.



Айтуынша, динамикалық мониторингке жататын 13 әлеуметтік маңызы бар ауру және 22 ауру бойынша екі пакет арасындағы теңгерімсіздік пайда болған.

“Дәрігерге мұны ұйымдастыру қиын болғандықтан, екі пакет арасындағы қаржыландыру да тиімді ашық жүйе құруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан кейбір ауруларды медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінен міндетті медициналық сақтандыру пакетіне кезең-кезеңімен көшіру жоспарлануда: 13 әлеуметтік маңызы бар аурудың жетеуін міндетті медициналық сақтандыруға көшіріп жатырмыз. Бірақ алтауы – туберкулез, онкологиялық аурулар, вирустық гепатит, АИТВ, ЖИТС, орфандық аурулар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қалады”, – деді министр.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің басшысы динамикалық мониторингке жататын аурулар екі жыл ішінде 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен медициналық сақтандыру пакетіне көшетінін атап өтті.

“Бұл бүкіл медициналық сақтандыру пакетін толтырады, жүйені тартымды етіп, денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Жалпы мұндай тәсілдер айқындалды, қазір оны дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – дейді Ақмарал Әлназарова.

Талқылау