Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кешкі сағат 20:00-ден кейін дүкендерде алкоголь сатуға тыйым салу ұсынылды

Фото: freepik.com

Қазақстанда кешкі сағат 20:00-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь өнімдерін сатуға шектеу енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бөлшек сауда дүкендерінде алкогольді сағат 20:00-ге, ал кафе мен мейрамханаларда 22:00-ге дейін ғана сатуға рұқсат беру керек. Магеррамов тиісті депутаттық сауалды премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.

Магеррамовтың айтуынша, елдегі ауыр қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйде жасалады. 

“Әрбір екінші адам өлтіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысынан астамы, әрбір үшінші зорлау, бұзақылық, тонау және жол-көлік оқиғаларының айтарлықтай бөлігі алкоголь тұтынумен байланысты”, – дейді ол.


Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алкогольді онлайн сатуға тыйым салуды ұсынды


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабынан кейін алкоголь, темекі және сусын бағасы 50% көтерілмек


Депутаттық сауалда алкогольдің жасөспірімдерге қолжетімділігі мәселесі де көтерілген. Депутаттардың пікірінше, сауда нүктелерінің көп болуына байланысты кәмелетке толмағандарға алкоголь сатылған, сатылмағанын толық бақылау мүмкін емес.

Осыған байланысты депутат:

  • алкогольді балалар мен білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста сатуға тыйым салуды;
  • сауда нүктелерінің санын қысқартуды;
  • алкоголь өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізуді ұсынады.

Депутат алкогольді онлайн сатуға толық тыйым салуды, оны сатуға рұқсат етілетін орындардың нақты тізбесін бекітуді сұрады. Сондай-ақ балалар мен жастар арасында алкоголь тұтынудың алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Сенатор Марат Қожаев Қазақстанда үй маңындағы дүкендерде алкоголь сатуға тыйым салу керегін айтқан еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 13:51